• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Елбасының қазақ тілі туралы айтқандары ұлтымыздың ұлы мақсатымен қабысып жатыр – Қ.Қайненов 12.09.2014

«Қазақтың қазақша сөйлеуіне ешкім тыйым салып отырған жоқ. Бәрін бүлдіретін өзіміз. Енді егемендігімізді алдық, тіліміз мемлекеттік тіл ретінде белгіленді. Қазақстан Конституциясы 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше, соның өрісін өсіріп, тілімізді кеңінен қолдануға кім кедергі келтіріп отыр? Ата Заңымызды басшылыққа алып, қазақ тілін алға сүйреуіміз керек емес пе?», - деді Қ.Қайненов.

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасы сөзіне оралар болсақ,  Мемлекет басшысының сонау жылғы Атырауға бір сапары жадыма түседі. Алқалы басқосу кезінде ардагерлердің бірі қазақ тілінің қолданысы кемдігін айтқан. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы Атырау халқының 90 пайыздан астамы байырғы тұрғындар екенін, олардың өзара ана тілінде әңгімелесуіне еш кедергі жоқтығын айтып, өзімізді ұялтқан, деп атап өтті ол.  

Қ. Қайненов атап өткендей,  Елбасы қазаққа қазақша сөйлеуі үшін жарлық шығармайды ғой. «Демек, бәрі өзімізге байланысты. Мемлекет басшысы айтқанындай, ешкімге уәж айтудың жөні жоқ. «Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп кедергі жасап отырған адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек» дейді Елбасы».

Елбасының айтуынша, республикада әр жылы жүз мыңнан аса жасөспірім мектеп бітіреді екен. Солардың 80 пайызға жуығы қазақша оқыпты. Біздің облыста да барлығы 198 орта білім беретін мекеменің 138-і - қазақ және 55-і- аралас мектептер. Тек бес мектепте ғана орыс тілінде дәріс беріледі. Соның өзінде қазақ тілін білу талабы қойылады. Өйткені, оның қолданылу аясы өздігінен кеңіп келеді. Бүгін оны білмегендер ертең кеш қалады.

«Осы орайда өңірдегі ахуалды сараптасақ, өткен жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы облыстағы ересек тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 96,7 пайызға жеткендігін көрсетеді. Өзге тілді де кемсітіп жатқанымыз жоқ. Аймақ халқының 92 пайызы орыс тілін жақсы біледі. Ал, 7,8 пайызы ағылшын тілін меңгерген», - деді ол. 


Back to the list