08.07.2014
«Астананың 16 жылдығын тойлау жоғарғы деңгейде өтті. Өте үлкен жұмыстар атқарылды. Елорда күнін тойлау мен оны ұйымдастыруға 20 мыңдай адам ат салысты. Қалада 70 шақты шара ұйымдастырылып, 30 шақты сахна орнатылды. Оған бас-аяғы 900 мыңдай адам қатысты», - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Концерттік бағдарламаларға 3,5 мыңдай қазақстандық және шет елдік әртістер қатысқан.
Биылғы жылдың ерекшелігі – мереке күндері халықтың ең көп барған шаралары көшедегі ұйымдастырылған шаралар еді. Оған ұзын саны 700 мыңдай адам қатысқан.
Астанада алғаш рет Астана паркінде «Алма» отбасылық шығармашылық фестивалі ұйымдастырылыды. 5-7 шілде аралығында «Жерұйық» пен «Студенттер» паркінде «Мен, сен, ол – біз бәріміз Астана» атты елордалық отбасылардың басын біріктіріп шығармашылықтарын ортаға салған тамаша шаралар өтті. «Жерұйық» паркінің этностильмен безендірілуі көпшілік назарын тартты. Ал «Студенттер» паркі рето стильде безендірілген.
Сонымен қатар қалада алғаш рет аула учаскілері, саяжайлар мен саябақтарды абаттандыру пен жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қаланы абаттандырудың жүйелі жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Астана күні қарсаңында бірқатар нысандардың ашылғаны да хабарланды. Атап айтар бослақ олар «Астана – Өңірлік Электрожелілік Компаниясы» АҚ жаңа кешені мен 2 мектеп, 2 балабақша. Сонымен қатар Пригородный елді-мекеніндегі жаңа мешіт. Және де осылардың ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен ҚР ҚМ Ұлттық қорғаныс университеті де бар.