03.07.2014
Астана күнін тойлау аясында 8 елдің цирк өнерпаздары жыл сайынғы халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінде өз өнерлерін паш етуде.
«Елорда күні қарсаңында көптеген мерекелік шаралардың өтуі бірте-бірте дәстүрімізге айналып бара жатыр. Соның ішінде «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалінің орны ерекше. Биыл шара жетінші рет өтіп отыр. Биылғы шараға 8 елдің өнерпаздары қатысуда. Атап айтар болсақ, олар Украина, Ресей, Өзбекстан, Монғолия, Вьетнам, Якутия, Қытай мен Қазақстан өнерпаздары. Вьетнам мен Якутия өкілдері биыл алғаш рет қатысуда», - дейді елордалық цирктің режиссері Лилия Кудерко.
Айта кету керек, фестиваль бағдарламасында жонглер-виртуаздар, арқанға өрмелеушілер, әуе гимнасттары, партерлі акробаттар, хула-хупалар, шығыс түйе керуені, жылқы-акробаттық ансамбль мен көңілді сайқымазақтар қала тұрғындарының көңілдерін көтермек.
«Қатысушылар саны 30-дан асады. Алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі цирк өнері майталмандары өнерпаздардың өнерін бағалайтын болады. Қызықтың бәрі алда», - дейді режиссер.
Естеріңізге сала кетейік, Елорда күнін тойлау аясында 1-8 шілде аралығында қала әкімдігінің қолдауымен Астана циркі «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалін ұйымдастыруда.
Индира Кауметова
Фото-Азамат Алиев