26.09.2017
Оның сөзіне қарағанда, көрме жұмыстарымен танысуға облыстағы ірі кәсіпорындардың 92 өкілі барған.
«Олар инновациялық технологияларды егжей-тегжейлі зерттеп, бастамашыларымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, 25 ақтөбелік кәсіпорын Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жалпы құны 43 млрд. теңгені құрайтын технологияларды өз өндірістеріне енгізбек», - деді әкімнің орынбасары.
Бұл технологияларды қолдану аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, энергияны пайдалану тиімділігіне және еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
«ЭКСПО-2017-де көрсетілген технологиялардың, жаңалықтардың өңірді дамытуға үлкен әсерін тигізетін мүмкіндігі бар. Оларды экономиканың түрлі салаларына, соның ішінде тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығына кеңінен енгізу қажет», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Жалпы, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Ақтөбе облысының 136 мың тұрғыны қатысқан. Бұл іс-шара соның ішіндегі 14 мың оқушының әрі қарай білім алуға және ғылыми жұмыстармен айналысуға ынта-жігерін арттырды.
Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды қолдану мәселесі 12-13 қазанда «ЭКСПО-2017: өңірлердің дамуына жаңа серпін» атауымен өтетін «Ақтөбе-Инвест-2017» дәстүрлі форумы барысында болашақ инвесторлармен талқыланатын болады.