06.10.2014
«Қазір бұл рейтингке негізінен түсімдері 5 –тен 500 миллиард долларға дейін құрайтын батыс компаниялары кіреді. Сонымен бірге кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2003 пен 2014 жыл аралығында қытайлық компаниялардың саны 8 –ден 95-ке дейін өсті, ал CNPC мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ тізімде ресейлік 8 компания бар. Fortune тізіміне кірудің негізгі өлшемдері түсім мөлшері мен қаржылық есептіліктің айқындығы болып саналады. Түсім мөлшері жөнінен Қордың кемінде екі компаниясы – «ҚазМұнайГаз» және «ҚТЖ» аталған тізімге әлден-ақ кіре алады», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниясына бәсекелес іс жүзінде жоқ екеніне, бірақ ол әлі тиімділік көрсеткіші жағынан трансұлттық компаниялармен және шетелдік жетекші мемлекеттік корпорациялармен салыстыруға келмейтініне назар аударды.
«Біз шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Эйр-Астана» ғана қазіргі кезде жаһандық нарықта лайықты бақталас бола алады. Тек сол ғана әлемдік бәсекелес-компанияларға қарағанда, капиталды пайдалану тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақстан темір жолы» да жақсы нәтижелер мен капиталды пайдалану тиімділігін көрсетуде. Бірақ Қордың басқа компаниялары, өкінішке қарай, мұндай жетістікпен мақтана алмайды. «ҚазПочта», «Кегок» тиімділігі төмен компаниялар ретінде қалып, бүгінгі таңда әлемнің осы тектес компанияларымен бәсекелесуге қауқарсыз болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін бірқатар бағыттарды атады.
«Қорға өзінің тиімділігі мен өнімділігін едәуір көтеру керек. Бұл реттегі өсім 2-3% құрамауы тиіс, таяу 5 жылда 30-40% секіріс жасау керек. Ол үшін өндіріс пен басқару технологияларына, нарықтық сараптамаға ие стратегиялық серіктестер мен инвесторларды белсенді түрде тарту қажет болады. Соның арқасында Қор компаниялары, бірінші кезекте, Кеден одағы елдерінің нарығына, сосын сыртқы нарықтарға шығып, бәсекелестікке түсуі тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.