12.09.2014
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін жақсартуды тапсырды. Осы мақсатта елде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бүгінгі таңда біз оның нәтижесін де көріп отырмыз.
«Өңірлерде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын іске асыру қарқыны жоғары. 5 жыл ішінде 25 млрд теңгеге 80 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олар әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи диагностикалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, медициналық техникасын толық ауыстыра отырып 400 шақты медицина мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Медицина мамандарының біліктіліктерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Олар алыс және жақын шет елдерге тағылымдамаға жіберіліп, республикалық орталық базасында оқытылады», - дейді дәрігер.
И.Аймағамбетовтың пікірінше, облыста ауылдық жерлерге бағытталған жас мамандарды материалдық тұрғыда ынталандыру жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе облысында мемлекеттік әлеуметтік пакеттен бөлек әрбір жас дәрігерге шалғайдағы ауылдарда қызмет етуі үшін облыстық бюджеттен қайтарымсыз 2 млн теңге беріледі. Сондай-ақ, олар жеке үй салу үшін арнайы жерге де ие болады. Енді аз уақыттан кейін ауылдық жерлерде дәрігерлер тапшылығы біржола шешімін табады деп сенімді айтуға болады.
«Отандық медицинаның қазіргі заманда көштен қалмай алға қарай ілгерілеуі керек. ҚР Президенті біздің алдымызға бұл тұрғыда ауқымды міндеттемелер жүктеп отыр. Оның іске асырылуы әрқайсымыздың еңбегімізге байланысты және оның жемісін де көретін тағы да өзіміз», - дейді Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.