23.06.2014
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтің айтуынша, ЭЫДҰ-мен арадағы ынтымақтастық «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы біздің жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
«Бүгінгі кездесудің күн тәртібіндегі мәселесі 2015-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Ынтымақтастықтың мемлекеттік бағдарламасы болып отыр», - дейді министр.
Айта кету керек, Мемлекеттік бағдарлама – ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдермен ұйымның өзара ынтымақтастығы тәжірибесінің жаңа құралы ретінде жұмыс істейді. Министрдің айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарламалар алғаш қоға алынуда.
«Қазақстан аталмыш бағдарламаны қолға алып отырған төрт мемлекеттің бірі. ЭЫДҰ мүшелері осы орайда Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отыр. Біз осы үшін ұйымдағы әріпестерімізге алғыс білдіреміз. Қазіргі таңда мемлекеттік басқару, қазыналық саясат, бәсекеге қабілеттілік және іскерлік климатты арттыру, тұрақты даму салалары бойынша бірлескен бастамалар мемлекеттік бағдарламалар тарапынан қолға алынуда», - дейді.
Оның айтуынша, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЭЫДҰ тиісті бөлімшелерімен тығыс байланысты қамтамасыз етеді.
«Бағдарламаның ақырғы мазмұны биылғы жылдың соңына дейін бекітіледі. Сол кезде құжатқа ресми түрде қол қою шарасы өтпек», - дейді Е.Досаев.
Айта кетерлігі, бүгінде ұйым құрамына әлемнің ең дамыған 30-дығын құрайтын әлемнің ең дамыған және беделді 34 мемлекеті енеді.
Мадина Нұрбекова