08.06.2017

БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура кездесуді аша отыра, БҰҰДБ тең құқықты және әділ бейбіт өмірді дамыту үшін бар күшін салатынын айтты.
«Соңғы онжылдық ішінде кедейлік деңгейі 40%-ға қысқарғанын айта аламын. Шығыс Еуропаға келетін болсақ, 15 жыл бұрын агрегатсыздандыру мәселелері дүниежүзі үшін өзекті болды. Соңғы бірнеше жыл ішінде басқа елдердегі кедейлік деңгейі едәуір нашарлай түсті. Сондықтан, біз осы мәселені зерттей бастадық. Бұл әлеуметтік ерекшелікке, кедейлік деңгейіне қатысты тағы бір аспект деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Еуропа мен Орталық Азиядағы, атап айтқанда Қазақстандағы теңсіздік бойынша әлемдік трендтер туралы мәселелер де талқыланды.
«БҰҰДБ баяндамасында экономикалық өсуді, инновациялар мен өнімділікті ғана емес, сонымен қатар, тұрақтылық пен әлеуметтік ілгерілеудің негізгі міндеттерін де қамтитын толық даму қарастырылады. Анағұрлым әділ, тең және тұрақты өмір қалыптастыру үшін баршамыз бірлесе не істей аламыз. Бүгін жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейдегі Баяндамалардың арқасында мәселелерді зерттеу үшін нақты мүмкіндік бар», - деп атап өтті Н. Шимомура.
БҰҰ-ның Қазақстандағы ЭКСПО комиссары, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Джихан Султаноглу Баяндамада дүниежүзі бойынша теңсіздік айқындалып қана қоймай, сонымен қатар елдер тұрақты даму мақсаттарында өмірді жақсарту үшін қандай үлес қоса алатыны да талданғанын айтып берді.
«Адами және тұрақты дамудың Қазақстан сияқты ел үшін неліктен маңызды екенін анағұрлым терең зерттеу үшін бұл жақсы мүмкіндік болып отыр. Барлық баяндамаларда барша игіліктердің тең әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етуге баса назар аударылғанына сенімдімін. 1990 жылы Адами даму туралы баяндама шыққан болатын. Адами даму тұжырымдамасы адамдардың таңдауы мен мүмкіндіктерінің кеңеюіне және өмір құндылықтарының артуына қатысты. Біз 2030 жылға дейінгі күн тәртібі аясында бейбіт әрі әділ қоғамды қамтамасыз етуді қалаймыз. Олардың аясында Қазақстан және басқа да елдер 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ кеңсесінде өткен Тұрақты даму жөніндегі саммит барысында міндеттемеге қол қойған еді», - деді ол.

Д. Султаноглу 90-шы жылдардан бастап барлық әлем бойынша адамзаттың едәуір ілгерілегені туралы сөз қозғады.
«2030 жылға дейінгі күн тәртібіне келетін болсақ, біз адами, әлеуметтік және экономикалық ресурстарды басқарудың күшті жақтары туралы айтып отырмыз. Баяндамада жаһандық деңгейдің жай-күйі туралы да айтылады. 1990 жылдан бастап едәуір ілгерілеу орын алып, миллиардқа жуық адам кедейлік шегінен шығарылды. Сол кезде адамдардың көпшілігінде білімге және таза ауыз суына қолжетімділік болған еді. Алайда, шындығында халықтың үштен бір бөлігі әлі күнге дейін нашар жағдайда өмір сүріп келеді. 6 млн адам – ауаның ластануынан, 38 емделмейтін аурулардан қайтыс болатынын да айта кету керек. Оған қоса, 8 млн адам өте нашар жағдайда өмір сүріп жатыр. Осы ретте, әрбір елде қолайсыз жағдайларда өмір сүріп жатқан халықтың белгілі бір топтары бар. Біз бұл жерде әйелдер, балалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, босқындар жайында айтып отырмыз», - деп қосты спикер.
Джихан Султаноглудың айтуынша, бұл денсаулық сақтау бойынша да, теңдік бойынша да негізгі мақсаттар болып табылады.
«Қазақстанның адами даму туралы ұлттық баяндамасында барлық адамдардың өмір сүру жағдайларын, мүмкіндіктерін білу үшін Қазақстан өңірлері бағаланады. Теңсіздікке талдау жүргізілді. Баяндаманы әзірлеу барысында біз Үкіметпен және Қазақстанның барлық өңірлеріндегі БҰҰ агенттіктерімен тығыз жұмыс жасадық. Үш өңірде: Маңғыстау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тұрақты дамудың үш бағдарламасын енгіздік. Адами даму туралы баяндамалар өңірлік дамуға маңызды үлес қосып, ешкімнің артта қалмайтынына көз жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», - деп қорытындылады БҰҰ-ның Қазақстандағы ЭКСПО комиссары.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан Назарбаев Университетінің Президенті Шиего Катсу да 2030 жылға дейін әлемнің тұрақты дамуының маңызды кезеңдері туралы өз пікірін білдірді.
«Кейінгі 15-17 жыл ішінде қандай негізгі қозғаушы күштер адамзаттың алға басуына мүмкіндік берер еді? Біз 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарының күн тәртібін іске асыру шеңберінде өз күшімізді біріктіруіміз керек. Демографияға келетін болсақ, оны әр түрлі тұрғыда қарастыруға болады. Халық саны жайында айтатын болсақ, бүгін оның саны 7,5 млрд адамды құраса, 2050 жылға дейін 20 млрд дейін жетпек. Бұл оң әсер етуі де, теріс ықпал етуі де мүмкін деп ойлаймын», - деді НУ басшысы.

Ш. Катсу барлық әлемнің қазіргі урбанизациясы жайында да айтып өтті. Оның айтуынша, қалалар мен жергілікті жерлердегі халық санының теңгерімін сақтап тұру қажет.
«Тағы бір айта кетерлік фактор – урбанизация. Халықтың көп бөлігі қалалық өңірлерде тұрып жатқанын көріп отырмыз. Әрине, бұл қалалық аймақтарды тиімді дамытуға, инновацияларды пайдалануға мүмкіндік береді, алайда, бұл оқшаулану, теңсіздік үшін тренд жасайды», - деді Шигео Катсу.
БҰҰДБ кеңсесінің Адами даму туралы баяндама дайындау жөніндегі өкілі Хериберто Тапиа айтып өткендей, бүгінгі таңда Қазақстан барлық әлем бойынша жоғары даму индексіне жақын орналасқан.
«Бүгінде 2,4 млрд адамның қарапайым коммуналдық қызметтерге қолжетімділігі жоқ. Эфиопия адами даму рейтингінде 188 елдің ішінен 174-орынды алады. Эфиопияда адами даму деңгейі 44%-ды құрайтын белгілі бір өңірлер бар болса, Қазақстанда орташа көрсеткіш 60%-ды құрайды. Осы түпмәтінде білім беру жеткіліксіз, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы басқа да салаларды жақсартқан дұрыс», - деді Х. Тапиа.

БҰҰДБ баяндамалары бірінші кезекте еңбек нарығы бойынша көрсеткіштер мен әлеуметтік деректер сапасын жақсартуға шақырады.
Сондай-ақ, БҰҰДБ баяндамасында соңғы 25 жыл ішінде қол жеткізілген даму саласындағы ілгерілеу жетістіктерінен артта қалғандарға баса назар аударылады.

Өткен іс-шара Тұрақты даму саласындағы жаңа жаһандық күн тәртібі – Тұрақты дамудың 17 мақсатына негізделген іс-қимыл жоспарын талқылауға мүмкіндік берді.
Ақбота Күзекбай
Фото Арман Мұхатов