• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Тәуелсіздік жылдары қоғамдық құрылысымыз толық өзгерді – Телеуов 23.12.2014

«Тәуелсіз мемлекетімізде 130-­дан астам ұлттың өкілдері өзара түсіністікте өмір сүріп жатқанының өзі біздің бірлігіміздің айқын мысалы бола алады. Бұған көрегендігі мен көсемдігін әлем мойындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған салиқалы саясаттың жасампаздығы берік негіз қалап келе жатқаны шындық. Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев Тәуелсіздік күніне орай Астанада өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясаты халықтың даналығы екенін өте дөп басып айтты», - деді М.Телеуов.

«Әуелі экономика, сонан соң саясат», деген қағиданы басшылыққа алған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ертеңін нұрлы етудің сәтті қадамдарын жасап, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітті. «Осы жылдар ішінде қоғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, жаңа кезең, жаңа болмыс келді. Халықтың ой­санасы, тұрмыс­тіршілігі бүтіндей өзгерді. Елімізде телегей ­теңіз тірліктер атқарылды. Қай салада болмасын кезең ­кезеңімен ауқымды істер жасалды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында да көптеген жұмыстар жүргізілді», - деді ол.

«Елбасының өзі бастап денсаулық сақтау саласына барынша назар аударылып, тұрғындар саулығын сақтауда ауыз толтырып айтарлықтай толағай табыстарға қол жеткіздік. Республика көлемінде, соның ішінде біздің Сыр өңірінде тұрғындар арасында медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында және медициналық қызметтің сапасын арттыруда едәуір істер тындырылды. Ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар көптеп ашылса, қалалық емханаларда күндізгі бөлімдер ашылып, келушілерге қызмет көрсетуде», - деп мәлімдеді М.Телеуов.

Ол атап өткендей, «облысымызда күрделі оталар жасалуда. Мәселен, өзім басшылық жасайтын облыстық медицина орталығында ашық жүрекке жасалатын операцияны былай қойғанда, тұңғыш рет жасалған бүйрек ауыстыру отасы қызылордалық медицина саласы қызметкерлерінің елеулі жетістігі деп айта аламыз. Медицина саласына бөлініп жатқан қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді. Мұның барлығы әрине, тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің және бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында орын алып отырғаны белгілі. Біз бірлігі мықты елде тұратынымызды мақтан тұтып ғана қоймай, оған өзіміз де атсалысуды абыройлы міндет, азаматтық парыз санаймыз».

 


Back to the list