22.12.2014
««Мәңгілік Ел» деп айттық қой. Бұл – идея. Осы идеяның төңірегінде топтасу керек». ««Мәңгілік ел» атауы ежелден славяндар мен түркілерге түгел таныс. Ол алғаш Тоныкөк деген бабамыздың аузынан шыққан болатын. Біздің жырауларымыздың да аузынан шыққан. Бұл енді ізгі тілек қой. Мына мемлекетіміз мәңгі болсын, еліміз мәңгі болсын, тіліміз өшпесін, халқымыз өшпесін, ұзағынан болсын барлығы деген сөз. Мемлекеттің қару-жарағы мықты болуы керек, көршілерімізбен жақсы болуымыз керек, дос табуымыз керек. Сөйтіп, мемлекетіміздің терезесін өзгелермен тең етіп, олардың алдында түсу үшін жұмыс істеуіміз керек. Мына «Нұрлы жол», 2030 жылға дейінгі, 2050 жылға дейінгі бағдарламаларымыз, 30 елдің қатарына кіреміз деген мақсатымыздың барлығы – сол «Мәңгілік Елді» қалай жасау керек деген жолдағы әрекет. Сонда ғана біз өркендеген және бейбіт, азаматтарының жақсы тұрмысы үшін жағдай жасайтын «Мәңгілік ел» боламыз деп айта аламыз», - деді Елбасы журналистерге берген сұхбатында.
Елбасының айтуынша, біздің жеріміз қай кезде де сол елдердің орталығы болған. Одан кейін – Алтын орда. «Осының өзін санайтын болсақ, 2000 жылдық тарихымыз шығады. Соның барлығынан өтіп келіп, тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қандай керемет халық бұл қазақ деген?! Ешқайсысымен қосылып кеткен жоқ. Мына тұрған Қазақстан – бүкіл тарихтың түп-тамыры. Тарихқа келгенде, желісі, жолы осы. Біз жастарымызды осылай тәрбиелеуіміз керек», - деді Президент.
Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. ««Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген сөз бар өлеңде. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересің», - деді Н.Назарбаев.
«Хандықтың 550 жылдығы деп жатырмыз. Керей мен Жәнібек – олар да Шыңғыс ханның ұрпақтары. Дегенмен, қазақ болып бөлініп шығып, хандық құрған кез – сол кез. Содан бастап қазақ хандығы пайда болды, Керей мен Жәнібек 550 жыл бұрын Шудың бойында өздері бөлініп шығып, мемлекет құрды», - деді Ұлт көшбасшысы.