21.11.2014
« «Нұрлы жол-Болашаққа бастар жол» Жолдауы еліміздің барлық экономикалық қиындықтардан, экономикалық дағдарыстан барынша аз шығынмен шығуына бағытталған. Ол бірінші кезекте экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл шаралар заң шығарушылар мен атқарушы билік органдарының алдында орындалуы тиіс міндет ретінде тұр»,- деді Т.Бердоңғаров.
Өз кезегінде халық қалаулысы, «біз Жолдаудың нәтижесі бойынша халықтың әл-аухаты артып, кәсіпкерлік «кеңінен тыныс» алатындай заңдарды шығарып, олардың орындалуын Үкіметтен талап ететін боламыз»,- деп сендірді.
Әлемде қаржы мен экономикалық жүйе өзгеріп келеді, деп есептейді депутат. «Сәйкесінше біз шаралар қабылдамайтын болсақ, оның барлығы еліміздің экономикасы мен саясатына кері әсерін тигізуі мүмкін. Нәтижесінде, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеуі ғажап емес. Осы ретте, Елбасы өзінің үндеулерінде Үкіметке, заңшығарушыларға ескертулер жасап, жаңашылдыққа ұмтылу керек және тәуекелдерді барынша төмендету қажет деп ескертеді»,- деді ол.
«Мен бізде осындай Президенттің болғанын мақтан тұтамын. Ол тек уәдесін ғана орындап қоймай, болашаққа бағдар береді»,- деп атап өтті депутат.
Камила Амирова