14.11.2014
«Елбасының Жолдауынан кейін кездесіп отырғанымыздың да өзіндік мәні жоқ емес. Жолдауда Мемлекет басшысы елдегі ұлтаралық және дінаралық келісімді тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген басты құндылықтары ретінде сақтау керектігін айтты. Біз сенімді нығайтып, ел ішінде өзара толерантты болуымыз қажет», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі, төраға орынбасары Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастарға ерекше басымдылық берді. Президенттің айтуынша, біздің қазіргі жас толқын ұлтаралық қақтығыстарды көрмеді, 90 жылдағы аумалы-төкпелі заманды бастан кешпеді. Қазіргі таңдағы бейбіт және молшылық заманға үйренген жастар бүгінгі тұрақтылыққа жеткізген аға ұрпақтың ерен еңбегі екенін білуі керек.
«Тұрақтылық пен келісім – отбасылық құндылық, қарапайым адам үшін қарнының тоқ болып, уайымының болмауы. Бұл әке мен шеше амандығы, отбасының берекесі. Ол дегеніңіз сәбидің күлкісі мен тұрақты жалақы, қоғамның тыныштығы. Бұны біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл баршамыздың көкейімізге қонатын сөзді Елбасы қарапайым тілмен, әрқайсымыздың жүрегімізге жеткізіп айтты», - дейді Е.Тоғжанов.
Индира Қауметова