17.06.2014
Айта кету керек, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің өлшемі Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттіліктің еркін индексінің көрсеткіші (Growth Competitiveness Index) негізінде дайындалған әдістеме бойынша жүргізіледі. Бәсекеге қабілеттіліктің еркін индексі үш индекстің біріктірілуі негізінде шығарылады. Оны сонымен қатар экономикалық өсімнің тұрақты бәсекеге қабілеттілігінің факторлары деп те атауға болады: макроэкономикалық орта, қоғамдық институттар мен технологиялар.
Қазақстанның алға қойған мақсаттарына сенімді түрде жылжып бара жатқанының бір дәлелі 2009-2014 жылдар аралығындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің салыстырмалы сараптамасының көрсеткіші. 2008-2009 жылдары Қазақстан 134 мемлекет ішінде 66-ыншы орынға ие болды. Ал 2009-2010 жылдары қазақстандық экономика деңгейі 133 елдің ішінде 67-інші орынға сырғыды. Ендігі екі жылда, 2010-2012 жылдары аралығында Қазақстан аталмыш рейтингте 72-інші орыннан көрінді. 2012-2013 жылдары Қазақстан 148 елдің ішінде 50-інші орынға бір-ақ көтерілді.
Жоғарыда аталған мәліметтер Қазақстанның барлық көрсеткіштері бойынша әр түрлі қарқынмен жылжып келе жатқанын байқатады. Қазіргі жағдайда экономикалық жағдай тек материалдық жағдайға ғана емес, сонымен қатар зияткерлік көрсеткіштерге де байланысты болып отыр. Сол себепті бәсекеге қабілеттіліктің маңызды аспектісі ретінде білім беру мен денсаулық сақтау, өмір сүру деңгейінің артуы, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта қалыптастыру арқылы адам факторын дамыту болып табылады.