03.05.2014
Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылмен ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Ерболат Досаев мойындалған тәуелсіз есептерге сәйкес біріздендірілген стандарттар арқылы өндірістік дамушы елдердің сауда әлеуетін арттыруда техникалық көмек көрсету саласында ЮНИДО-ның әлемдік көшбасшы екенін атап өтті. Ол соңғы бірнеше жылдың ішінде Қазақстан мен ЮНИДО арасындағы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанын айтты. «Қазақстанның ЮНИДО-ға қосылған уақытынан бастап, шағын және орта бизнес саласында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Қазақстан өнеркәсіптік статистика, өнеркәсіптік интеграция және өнеркәсіптің қоршаған ортаға жағымсыз салдарын жеңілдету сияқты мәселелерді қамтитын ЮНИДО-ның бірнеше аймақтық жобаларына қатысты»,- деп түсіндірді Досаев мырза.
Өз кезегінде Юн Ли ЮНИДО Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және осы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтты.
ЮНИДО қызметінің басым бағыттары: өндірістік еңбек арқылы кедейшілікті төмендету, сауданы дамытуға мүмкіндіктер жасау, энергетика және қоршаған ортаны қорғау болып табылады.