01.03.2017
Қазақстан Республикасы мен АЭХА арасында атом энергиясын дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша жоспар аясында 2016 жылғы 31 қазан – 7 қараша аралығында Астана қаласында АЭХА өкілдері мен сарапшыларының қатысуымен Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссия (бұдан әрі – ИНИР миссиясы (INIR – Integrated Nuclear Infrastructure Review) өтті, деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі.
ИНИР миссиясы жұмысында қызметкерлер және халықаралық сарапшылар, сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың («ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Ядролық физика институты» РМК), «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясының өкілдері қатысты.
Миссияның жұмысы барысында АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі және қаржыландырумен, заңнамалық-құқықтық базаны дамытумен, қоршаған ортаны қорғаумен, электр желілерінің дайындығымен, білікті кадрларды даярлаумен байланысты мәселелер талқыланды, сондай-ақ қоғамдық пікірді талдау, БАҚ-пен өзара әрекеттесу формасы және т.б. тақырыптар қозғалды.
Қазақстанның ядролық инфрақұрылымының даму деңгейін бастапқы зерттеулері бойынша сарапшылар 1972-1999 жылдар аралығында 27 жыл бойы жұмыс жасаған БН-350 жылдам нейтронды реакторды пайдаланудың қазақстандық тәжірибесімен байланысты ядролық инфрақұрылымының бұрынан құрылғанын атады. Сондай-ақ, Қазақстанның әлемде жетекші уран өндірушілердің бірі болуына мүмкіндік беретін уран өндіру және отын таблеткаларын шығару бойынша инфрақұрылымның дамығандығы атап өтілді.
Осы есеп Қазақстанның ядролық энергетикалық инфрақұрылымын күшейту жөніндегі іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу кезінде маңызды болып табылады. Қазақстан Республикасының болашақтағы атомдық энергетикалық бағдарламасын дамытуда және іске асыруда АЭХА-ның барлық ұсынымдары ескеріледі.