06.02.2015
Облыс әкімдігінде хабарлағандай, «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты жастар флэш-мобы ұйымдастырылды. «Баласағұн» орталық концерт залының фойесінде этномәдени бірлестіктер «Шебер» атты сәндік-қолданбалы өнерге байланысты көрмелер мен жәрмеңкелер өткізді.
Іс-шараның мақсаты - халық бірлігін күшейту, Елбасының бейбіт және тату өмір сүру саясатын қоғамда нығайту, «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген мақсаттарға жету, Қазақстан 2020 жылға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының тұжырымдамасын дамыту, «Бір ел – бір тағдыр» мемлекеттік саясатының негізге алатын принциптерін іске асыру.
Жиынға қала және облыс ұйымдары мен мекемелері қатысты. Аталған мереке «Баласағұн» орталық концерт залынан бөлек қаланың басқа да аймақтарында өтті. Аталған мейрамға орай мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл толуына орай «Тараз-Арена» спорт сарайында жүзуден қалалық ашық турнирі өтті. Ардагерлер жастармен кездесті, одан бөлек қалалық кітапханаларда конференциялар, Мәдениет үйлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы фото көрмелер өткізілді.