09.01.2015
«Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар қауіп төндіруші емес, керісінше еліміздегі ұлттық қауіпсіздіктің кепілі саналады. Ішкі саясаты күшті мемлекет қана мықты мемлекет бола алады. Осы тұрғыда мемлекеттік саясаттың іргетасы - қоғамдық келісім. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы – бірлік жылы. Бірлік жылы – бұл Қазақ хандығының 550-жылдығы мен Конституцияның 20-жылдығы», - деді Е.Тоғжанов ОКҚ өткен брифингінде.
Айтар болсақ, 2015 жылдың 6 ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған шаралардың барлығына бастау беріледі. Ол еске салып өткендей, ҚХА қызметінің жоспары аясында этно-мәдени бірлестіктердің 150 шарасын, ғылыми-сараптамалық кеңестің 170-тен астам шарасын өткізу жоспарланған.
Е.Тоғжанов атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс қорытындысы 1 желтоқсанда шығарылады.
«Бүгінгі таңда этносаралық мәселе стратегиялық негізге айналды және Ассамблеяның мерейтойлық отырысының күн тәртібінде болмақ. Қоғамдық келісім арқылы біз әлеуметтік және саяси тұрақтылықты ұстап отырмыз», - деп сендірді Е.Тоғжанов.
Камила Амирова