23.10.2014
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылды Қазақстан Халқы Ассамблеясының жылы деп бекіткен болатын. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында өткен бұл іс-шараны Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедра меңгерушісі, профессор Анатолий Башмаков ашты.
«ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөз сөйлеп, құрылтай жұмысына ректор атынан сәттілік тіледі», - делінген хабарламада.
«Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Мұнда келген адам бүкіл Қазақстаннның құндылығын сезіне түседі»,- деді ол.
Құрылтай жұмысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының кафедраларының негізгі басты бағыттарын талқылауға, ҚР жоғары оқу орындарында Қазақстан Халқы Ассамблеясының әдіснамалық алаңын құруға, жастар арасында толеранттық мінез-құлықты қалыптастыруға арналған тәрбиелік жұмыстарды өткізуге, ҚР-ғы этносаяси бағыттардағы іргелі ғылыми жобаларды бірігіп әзірлеуге бағытталды.
Конференция барысында ортақ келісілген жұмыстарды атқару және іс-тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедраларының Ассоцияциясының Ережесі қабылданды. Бұл ережеде қауымдастықтың мақсаты мен міндеттері, қызметі, мүшелері, қызметінің іске асуы және қызметін тоқтатуы анық жазылған.