08.09.2017
«Қытай кинематографистері түсірген отыз сериялы «Шыңғыс хан», «Құбылай хан», араб елдері бірігіп шығарған «Сұлтан Бейбарыс», түріктің «Сүлеймен патшасы» және «Ер Тұғырыл» фильмдерінің құндылығы неде? Тек тарихи оқиғаларды экран тілінде сөйлеткені ме? Әлбетте, жоқ! Тарихи басты оқиғаларды сақтай отырып, кейіпкерлер арасындағы конфликтіні көркемдік шындық тұрғысында шегіне жеткізіп бере білуінде, көрерменге күдік тудыратын немесе нанымсыз боп көрінетін басы артық бірде-бір көріністің атымен жоқтығында, тақырып идеясы мен көркемдік критерийлердің тұтастығында, басты тақырып пен қарсы тақырыптың, герой мен антигеройдың көрерменге берер энергетикалық күш-қуаттарының молдығында», - деді Дулат Исабеков.
Д.Исабековтың айтуынша, біздің осы кинотуындылардан үйренуге тиіс басты ерекшелік – басты тақырып пен басты кейіпкердің өмір жолын жазуға кіріспес бұрын сол кейіпкерге қарсы тұратын антигеройды таңдай білуіміз керек.
«Негізгі идеяға қарсы күресетін күш неғұрлым қуатты болған сайын шығарма оқиғасы солғұрлым шымыр, көркемдік құндылығы солғұрлым салмақты бола түспек. Дүниеде бірдей ойлайтын екі адам болмайтыны сияқты, бір түсінікте, бір талғамда өмір сүретін екі ұлттың да болуы мүмкін емес. Осы тұрғыдан қарағанда, жоғарыда аталған фильмдердің сана сатысындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың, әртүрлі конфессия мен конвенциялардың басым көпшілігін тек танымдық жағынан ғана емес, татымдық жағынан да қызықтыра білгенін еске сақтауымыз керек», - деді жазушы.
Драматургтың пікірінше, ол үшін ұлттық деген ұғым мен жалпыұлттық деген принциптерді ажырата білетін, біріктіре білетін, кез келген өнер түрінен талап етілетін көркемдік шындық пен өмір шындығын бір мақсатқа, бір идеяға қабыстыра білетін қабілет керек.
«Ол қабілеттің аты – шеберлік, ал шеберліктің арғы атасы – талант», - деді Д.Исабеков.