15.08.2017
Жазушы өзіміздің төл өнеріміз, ұлттық киномыз арқылы қоғамды тәрбиелеп, рухани жаңғыруға бетбұруымыз керек, деп есептейді. Ол Осыған дейін түсірілген біраз кинокартинаға өзінің көзқарасын білдіріпті.
«Қазақ тәрізді отызыншы жылдардағы ойраннан жер бетіне шашылып кеткен халықтың Тәуелсіздік тұсында елге оралуы – ұлттық ұйысудың бір үлкен өзекті тақырыбы. Осы тақырыпты ашық қозғаған екі фильм биыл өндірістен шықты. Жақында олар көрерменмен қауышпақ. Оның бірі – сценарийін Нұрлан Санжар жазған, режиссер Сәбит Құрманбек түсірген, кеше ғана Еуразия кинофестиалінде бас бәйге алған «Оралман» фильмі де, екіншісі – сценарийін осы мақала авторы жазған, жас режиссер Б.Елубаев түсірген «Оазис» фильмі. Бұл фильмнің екеуі де ең алдымен, қазақ аудиториясына арналған», - деп жазады С.Елубай.
Оның сыртында қазақтың кешегі, бүгінгі ащы тағдырын арқау еткен «Балуан Шолақ» туындысы да осы жылдың соңына дейін көрерменмен қауышпақ. Бұл фильмнің сценарийін айтулы драматург Дулат Исабеков жазып, жас режиссер Нұргелді Садығұлов түсіріп жатыр. Сондай ақ, қазақ киноөнерінің атасы Асанәлі Әшімов өзінің «чекисттік» жолын жалғастырмақ. Оны көптен бері түсіріп келе жатқан режиссер Қуат Ахметов жалғастырады.
«Жаужүрек мың баланы» түсірген талантты режиссер Ақан Сатаев биыл «Томиристі» қолға алды. Әлемге әйгілі бұл тақырып, егер Ақан режиссер аман-есен алып шыға алса, Ұлы Даланың рухын көтерер тағы бір тарихи жоба болуға тиіс. Одан кейін Ахан алдағы жылы Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының бір жарқын парағы – Астананың салынуы туралы фильмге кіріспек. Ауыр да болса, айшықты тақырып. Биыл Маңғыстауда Жаңабек Жетіруов түсірген Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» хиқаяты да отандық көрерменді бейжай қалдырмауға тиіс.Қазақстандық көрерменге кең танымал режиссер Ермек Тұрсынов өз сценарийі бойынша «Киномеханик» атты фильмді, белгілі журналист Төлеген Байтүкенов «Шалақазақ» атты фильмді түсіруге кірісті», - дейді Смағұл Елубай өз мақаласында.
Жазушының жазбасына қарағанда, биыл танымал актер әрі режиссер Болат Қалымбетов белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» хикаяты бойынша «Талан» атты кинодрамасын аяқтайды екен. Ал «Алмас қылыш» жалғасын табады
«Рүстем Әбдіраш болса, қазір Қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек тарихын аяқтайтын «Алтын тақ» фильміне кірісті. Бұл фильмде қазақ көрермені «Алмас қылыштан» таныс тарихи кейіпкерлерімен, құдай қаласа, алдағы жыл басында қайта қауышпақ. Осынау толық емес атаулардың өзінен Мәдениет және спорт министрлігінің қоластындағы «Қазақфильм» ел құлағын елең еткізер елге етене жақын тақырыптарға бет бұрғанын көреміз», - депті жазушы. Жазушы киностудия бетін отандық көрерменге бұрса, онда отандық көрерменнің де бетін қазақ киносына қарай бұратынына сенім білдіріпті.
Мақаланың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар: https://aikyn.kz/2017/08/11/23236.html