05.06.2017
Мысалы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев облыста «Туған жер» жобасына қатысты бағдарламаның іске асырылып жатқаны жайында айтып берді.
«Бүгінгі таңда барлығымыз ҚР Президентінің мақаласын іске асыру бойынша белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Алайда, жұмыста бізге жүйелі менеджмент қажет, сондықтан, осы семинардан көп нәрсені күтеміз. Президент қойған міндеттерді қалай дұрыс әрі тиімді іске асыру керектігін үйренуіміз керек. Екіншіден, Ақтөбе облысында Елбасының «Туған жер» жобасы бойынша тапсырмаларын іске асыру барысы жақсы жүріп жатыр. Осы жобаларды іске асыру мақсатында 1,5 млрд теңге бөлінді. Ірі жобалардың арасында 300 млн теңге сомасына А.Жұбановтың мұражай-үйінің құрылысы бар. Бұл қомақты сома және жалпы жобаның тәрбиелік мәні ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік әсері де бар, себебі әлеуметтік инфрақұрылым жақсара түседі. Осы бағытта одан әрі белсенді жұмыс атқармақпыз», - деді әкім орынбасары.
«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы семинар-тренингке қатыса отырып, жобалық менеджмент түсінігінде әлемдік тәжірибе де ескерілуі тиіс екенін атап өтті.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында республикалық жұмыс тобы кешенді жоспар әзірлеуде. Қазіргі уақытта осы мақала шеңберіндегі негізгі ережелерді іске асыру бойынша белгілі бір бағдарламалар әзірленді, орталықта және өңірлерде жұмыс топтары құрылды. Бұл өте күрделі тақырып. Бүгінде менеджменттің жаңа технологияларын пайдалану туралы шешімдер қабылданды. Семинар және оқыту, біліктілікті арттыру, негізгі отандық қызметкерлердің, мемлекеттік қызметшілердің тәжірибе алмасуы. Рухани жаңғыру өзге тәсілдерді қажет етеді. Жобаның өзі бірегей болғандықтан, біз осындай жобаларды басқарудың әлемдік тәжірибесін ескеруіміз керек», - деді Б. Әбдіғалиұлы.
Еске сала кетейік, Астанада жобалық менеджментті ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері үшін семинар-тренинг жұмысы басталды. Оның басты мақсаты - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру.
Ақбота Күзекбай