08.11.2016
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлағандай, «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі –ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылыми, білім беру және полиграфия компанияларын үлкен бір интеллектуалды алаңға біріктіретін еуразиялық кеңістіктегі ең ірі мәдени-ағартушы шаралардың бірі.
2016 жылғы 9 қарашада ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» топтамасымен шығарған алғашқы кітаптарының таныстырылымын өткізеді. Олар:«Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері» атты түрлі-түсті альбом-каталогтармен Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» кітабы. Бұл сериялық басылымдарды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде ұсыну, ғылыми айналымға енгізу.
Көрме-жәрмеңкеде сонымен қатар, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының ҚР Ұлттық музейі ғылыми-методикалық кеңесінің мақұлдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов» атты тарихи-ғұмырнамалық кітабының орысша жаңа басылымының таныстырылымы өткізіледі. Ол шығарманың алғашқы басылымының тұсаукесері 2015 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.
Көрмеде сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінің Ресей Ғылым Академиясы Сібір бөлімшісінің Археология және этнография институтымен бірге Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген археологиялық экспедиция нәтижелері көрсетіледі. Сол сияқты Ұлттық музейдің төл басылымы – «Мәдени мұра» журналы және Ұлттық музей қорынан келесі жәдігерлер: сирек кітаптар, бірегей музыкалық аспаптар, қанжарлар, қабырға панносы–плакеткалар, кәдесый бұйымдары, қазақтың ұлттық зергерлік қолөнер әшекейлері, және т. б. жұртшылық назарына ұсынылады.
Көрме аясында ауқымды мәдени-іскерлік бағдарлама – ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, әйгілі мәдениет қайраткерлерімен,ақын-жазушылармен кездесулер, форумдар, байқаулар, викториналар жүзеге асырылады.