29.01.2015
Мерейтойлық концерттерді өткізу жөнінде ұсынысты «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов жасады. «Осы айрықша оқиғаға арнап жыл бойы 12 концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Көздеген басты мақсатымыз – Отанымызды қорғаған Ұлы отан соғысының ардагерлеріне, тылда еңбек еткендерге және басқа да осы қуанышқа бізбен ортақтасатын жандарға классикалық өнердің нәрін сусындауға мүмкіндік беру. Біз әзірлеген бағдарлама әскери тақырыпты қамтымайды, біз биік өнерді насихаттайтын классикалық музыканы орындаймыз. Әйтсе де , тура Жеңіс күні – 9 мамырда театрда ардагерлердің құрметіне мерекелік концерт өтетінін айта кетейін», - деді маэстро.
Театрдың ақпараты бойынша, «Барлық заманға сай классика» атты концерт бағдарламасында В.А. Моцарттың шығармаларынан оркестрге, скрипкаға және альтқа арналған ми-бемоль мажор (kv364) концерттік симфониясы, сондай-ақ ариялар, дуэттер, қазақ, орыс және батысеуропалық композиторлардың операларынан көрініс бар.