04.12.2014
Жалпы «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы 25 томнан тұрады. Жоба аясында биыл айтыс өнеріне арналған алғашқы VII том жарық көрсе, қалғандары алдағы жылдары шығарылады деп жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, жоба ары қарай билер мен шешендер, дәстүрлі ән, күй өнері, жырау мен жыршылар, сауық өнері тақырыптарымен өрбімек.
Антологияның I-II томдарында Кеңестік кезге дейінгі таңдаулы 94 айтыс енгізілсе, III-IV томдарда 1919-1991 жылдар аралығындағы айтыс жауһарлары топтастырылған, ал Қайта құру кезеңі мен Желтоқсан көтерілісінен кейінгі кезең туындылары IV томға беріліп отыр. Тиісінше V-VI томдар 1991-2014 жылдар аралығындағы Жүрсін Ерманның мұрындық болуымен өткен жекпе-жек айтыстар мен айтулы даталар мен мерекелердегі айтыстарды қамтыса, соңғы жетінші томда Өзбекстан, Қытай мен Монғолия ақындарының таңдаулылары қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, жобаның авторы мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. Көптомдық Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Қорқыт ата ғылыми-зерттеу институты тарапынан шығарылып отыр.
Бауыржан Мұқанов