08.09.2017
«Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» ЖҚ «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесе отырып, Қазақстанның Парламент депутаттарының, көрнекті қайраткерлердің, бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) шеңберінде аз қамтылған отбасылардағы балалардың атына білім беру депозиттерін ашу бойынша «Табысты болашаққа кепілдік!» қайырымдылық акциясын бастады.
Іс-шара «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Шаймұратұлы Қуанғановтың алғы сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде мемлекеттің бұл бастамасын оң тілектерімен қолдап, «Табысты болашаққа кепілдік!» науқанының басталғандығын жариялады.
Іс-шараға ҚР Парламенті депутаттары, «Қаржы орталығы» АҚ-ның, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының, «Жас Отан» ЖҚ-ның өкілдері қатысты.
«Жас Отан» жастар қанатының өкілі Данияр Сүндетбаев өз кезегінде мұндай акцияның Қазақстан жастарының келешегі үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсеткендерге алғыс айтты.
Депутаттар ғана емес, сондай-ақ барлық қазақстандықтар да өз балаларының немесе аз қамтылған, тұрмысы төмен балалардың оқуына депозит аша алады.
Айта кетейік, МББЖЖ – бұл ата-ана/қамқоршы өзінің немесе баланың атына МБЖЖ-ға қатысушы-банкте білім беру депозитін ашып, банктің сыйақысы мен мемлекеттің сыйлықақысынан құралатын 21 %-ға дейінгі жылдық табыстылықпен болашақта білім алу мақсатында қаражат жинауға мүмкіндік алатын білім алудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік шара.