15.07.2017
Мектеп шәкірттерінің үлкен өмірге қадам басқалы отырған қуаныштарымен бөліскен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оқушыларға сәттілік тілеп, игі бастамаға қолдау көрсеткен жоғары оқу орындарының басшыларын алғыс хаттармен марапаттады.
Өңір әкімдігінде хабарлағандай, облыстың 12 жоғары оқу орны атсалысып отырған игі іске 103 жолдама беріліп отыр.
Бүгін соның 95 жолдамасы ҰБТ-да шектік балды жинап, емтиханнан өткен түлектерге берілді. Қалған 8 жолдама ҰБТ-дағы шығармашылық емтиханды күтіп жүрген шәкірттерді күтуде.
Жалпы, 2016-2017 оқу жылында облыста 208 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (34-і балалар үйлері түлектері) 11-сыныпты бітірді.
Сонымен қатар, 208 түлектің 130-ы ҰБТ-ға қатысып 107-сі Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде шектік деңгейден өткен. Олардың 95-і облыстағы жоғары оқу орындарына, 106-сы колледждерде, 12-сі республиканың басқа өңірлерінде білім алуға ниет білдіріп отыр.
Айта кететін жағдай, ҰБТ-да қажетті балды жинай алмаған шәкірттер орта арнаулы оқу орындарында тегін білім алатын болады.