07.03.2017
VI сайланған мәслихаттың XIV сессиясының 2017 жылға арналған республикалық бюджетті анықтау жөніндегі отырысы барысында Алматы қаласы үшін нысаналы трансферттердің көлемі 12 млрд 010 млн 493 мың теңге сомасына ұлғайтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында басым жобалар мен әлеуметтік-маңызды бағыттарды іске асыруға жергілікті бюджеттен 45 млрд 711 млн 109,5 мың теңге сомасында қаражат бөлінбек.
Осылайша, білім беру саласына қосымша 1,6 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Осының арқасында мектептердің 100%-ы лингафондық-мультимедиялық сыныптармен жарақтандырылатын болады. Бұл 72 мың алматылық оқушының білім алу сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Әкімдікте хабарлағандай, жекеменшік балабақшаларда балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттік тапсырыс қосымша қажеттілікке байланысты 566,9 млн теңгеге ұлғайтылмақ.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың «Жұлдызай» фестиваліне және республикалық спартакиадаға қатысуы үшін 79 млн теңге бөлінбек.
Жастар ұжымы Балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруіне қатысады, бұл іс-шаралар қосымша 22,9 млн теңгеге қаржыландырылатын болады.
Айта кету керек, сапалы білімге, денсаулық сақтауға және басқа да әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында «Әлеуметтік бағдарланған қалалар» басым бағыттарының бірі болып табылады.