13.02.2017
Жұмыс басталды
2015 жылғы 30 қарашада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы басталатынын жариялаған болатын.
«Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Жаңа бағдарлама
Осыған сүйене отыра, Қазақстан Үкіметі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі, оның аясында кәсіби-техникалық білімді тегін алуға болады.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ азаматтардың өзге санаттары ТжКБ бар кадрлар даярлау бойынша Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Аудандық (қалалық) комиссияның шешімімен әрбір елді мекенде ТжКБ бар кадрларды даярлауға үміткерлер тізімін қалыптастыру бойынша мобильдік топтар құрылады. Мобильдік топтардың құрамына кенттер, ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар мен қалалар құрамындағы аудандар әкімдіктерінің, білім беру ұйымдарының, аудандық (қалалық) деңгейдегі білім беру және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің, жастар ұйымдарының өкілдері мен волонтерлер кіреді.
Өңірлік комиссиялар колледждер, кәсіптер мен мамандықтар тізбесін құрастырады. Облыстық білім басқармалары комиссиялардың шешімдері негізінде колледждермен кадрларды даярлау туралы шарт жасасады. Талап етілетін құжаттар пакеті: жеке куәлік көшірмесі, білімі туралы құжаттар (куәлік, аттестат), денсаулығы туралы анықтама.
ТжКБ бар кадрларды даярлаудың ұзақтығы білім беру бағдарламаларында көрсетілген мерзімдерге сәйкес таңдалған мамандыққа байланысты болады.
Қысқа мерзімді оқыту
Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетін Бағдарламаға қатысушылар 29 жасқа дейінгі жастағы жастар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Барлық сұрақтар бойынша білім беру ұйымдарына, Өңірлік кәсіпкерлер палатасына, қала әкімдіктеріне жүгінуге болады.
Жұмысшы кадрларын қысқа мерзімді кәсіби оқыту колледждердің, оқу орталықтарының, әскери-техникалық мектептердің базасында жүзеге асырылады. Жастарға цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі және кәсіпкерлік негіздері оқытылады.
Қысқа мерзімді оқыту кезінде білім алушылар стипендиямен, жол жүру ақысымен (толық оқу кезеңі үшін 4 АЕК) және тұратын жермен (айына 5 АЕК) қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамту орталықтары оқуды аяқтаған адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.
Бұдан бөлек, шалғайдағы елді мекендердегі азаматтар бес пилоттық өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында құрылатын мобильді оқу орталықтарында оқи отырып, тегін кәсіп ала алады.
Басым мамандықтар
Жоба аясында басым техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы мамандықтары айқындалған – барлығы 160 мамандық.
Жұмысшы кадрларды даярлауды арттыру мақсатында екі деңгейлі модульдік бағдарламалар енгізіледі, олар бірінші деңгейде екі-үш жұмысшы мамандығын, ал екінші деңгейде орта буын мамандығын қарастыратын болады.
Қысқа мерзімді оқыту курстары машинист, электрик, сантехник, оператор, электромонтаждаушы, слесарь, аспазшы, жол-құрылыс машиналарының машинисі, бетоншы, дәнекерлеуші сияқты кәсіптер бойынша жүзеге асырылады.
Сандар туралы
Бес жыл ішінде – 2017-2021 жылдар аралығында – кадрларды даярлауға 106,5 мың адам тартылатын болады, осы ретте оқуға жыл сайынғы қабылдау 21 мың адамды құрайды. Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 320,5 мың адамды құрайды.
Тегін кәсіби-техникалық білім беру жергілікті бюджеттер есебінен жұмысшы мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Жалпы бағдарламаны 118,8 млрд теңге сомасына мемлекеттік қаржыландыру көзделген.
ҚР БҒМ болжамы бойынша, 2021 жылға қарай Қазақстанда білім алушылардың 40%-ы жұмысшы мамандықтарын иеленеді, біліксіз жұмысшы күшінің үлесі 20%-ға дейін төмендейді. Халықтың жұмыспен қамтылуы артып, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендейді.
Әсемгүл Жақаева