12.12.2016
Бұл шараға жалпы орта білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары, ата-аналары және ұстаздары қатысты. Бұл күні жиналғандар Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқытудың ерекшелігімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлады Астана қаласының НЗМ баспасөз қызметі.
Ашық есік күні таңертең тоғыздан басталып, күн ауғанша жалғасты. Келушілерді мектеп әкімшілігі, кураторлар және мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы қарсылап алды. Салтанатты ашылудан соң, оқушылар топқа бөлініп, мектепке саяхат жасады.
Саяхат барысында қонақтарға мектеп қызметі, «Туған елге тағзым», «Шаңырақ», «TEDx NIS», «Қазатың 100 күйінің тарихы», «100 кітап», «100 қазақ әні» және «Bookcrossing», «Қазақша Wikipedia» секілді негізгі жобалары, әлеуметтік тәжірибелер, машықтар түрлері, үйірме жұмыстары таныстырылды. Мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстары, қөлөнер жәрмеңкесі де келушілер назарына ұсынылды.
Кейін топқа бөлінген оқушылар Зияткерлік мектеп мұғалімдері дайындаған сабақтарға қатысты. Сабақ жоспарлары өте қызықты құрылуымен ерекшеленді. Оның ішінде тілдер бойынша, математика, физика, химия, биология, информатика, нано-технология, гуманитарлық пәндер бойынша қызықты, кеңейтілген зертханалық және ғылыми-тәжірибе жұмыстары көрсетілді.
Қонақтар үшін үлкен тосынсый ретінде физика, химия, биология пәндерінің оқытушылары даярлаған ғылыми эксперименттер шоуы ұйымдастырылды. Үлкен қызығушылықпен назар салған оқушыларды шетелден келген мамандар мен жергілікті мұғалімдер ғылыми тәжірибелерге қатысуға барынша шабыттандырды.
Іс-шара соңында үйірме оқушылары даярлаған мерекелік концерт аясында ашық есік күні барысында өткен сайыстар мен интеллектуалды ойындар қорытындысы бойынша үздік атанған 100 оқушыға ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттар және Астана қаласы Назарабаев Зияткерлік мектептері жанындағы 5-күндік жазғы лагерге жолдама тарту етілді. Аталмыш істі жүзеге асыру үшін қажет қаражат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде Зияткерлік мектептерінің оқушыларымен ұйымдастырылған қайрымдылық жәрмеңкелері мен көрмелерінің нәтижесінде жиналды.
Бұл күннің негізгі кейіпкерлері, яғни орта мектеп оқушылары ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді. Олар үшін бұл күн ұмытылмас сәттерге толы болғанын жеткізді. Шара аясында барлық қатысушылар мектеп атынан кітаптар мен сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында жалпы білім беру ұйымдары мен Зияткерлік мектеп оқушылары «Алға Қазақстан!» би флешмобын биледі. Және де «Атамекен» патриоттық әнін бірге орындап, Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістектері мен жеңістерін құрметтеуге және қастерлей білеге шақырды.