• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Астанада  ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі талқыланды 19.10.2017

Конференцияны ұйымдастырушы – Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Онкология және транплантология ұлттық ғылыми орталығы және Қызылорда қаласындағы филиалдың басын қосатын «University Medical Center» корпоративтік қоры.

Конференцияның ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты З.Я.Балиева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаева және АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Әзербайжан, Украина, Беларусь және басқа да елдердің жетекші ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты.       

«University Medical Center» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Алмас Құрманов конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Қор клиникаларының миссиясы медициналық білім, ғылым және клиникалық тәжірибені ұштастыра отырып, қазақстандықтар үшін өз елімізде жоғары технологиялық медициналық қызметтердің барлық түрін пайдалануына жағдай жасау екенін атап көрсетті.

«University Medical Center» корпоративтік қорының іргелі орталықтарының бірі Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 10 жыл ішінде 140 мыңнан астам пациент емделіп, 80 мыңдай күрделі оталар атқарылғаны айтылды. Орталық кадрлық әлеуеті мен заманауи материалдық-техникалық мүмкіндіктері арқасында ана мен бала денсаулығын қорғау саласында отандық денсаулық сақтау жүйесінің флагманына айналды. Бүгінгі таңда орталықта 1 мыңнан астам медициналық қызметкер көмек көрсетеді, оның ішінде 250-дей дәрігер және 500-ден астам орта медициналық қызметкер бар. 11 медицина ғылымдарының докторы, 51 ғылым кандидаты қызмет етеді. Әрбір үшінші дәрігер және әрбір екінші мейіргер жоғары санатқа ие.       

««Ана мен бала денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының негізгі мақсаты – ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек сапасын озық медициналық тәжірибеге, халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай жақсарту», - дейді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, конференцияда диагностика мен емдеудің қазіргі заманғы технологияларын, оның ішінде стационарды алмастырушы және ресурс үнемдеуші әдістерді енгізу арқылы ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін жетілдіру, балалар транплантологиясы мен онкологиясын, сирек кездесетін ауруларды емдеу және диагностикалау әдістерін дамыту мәселелері талқыланды.       

Конференция жұмысына жетекші отандық және шетелдік мамандар қатысып, пленарлық және секциялық отырыстарда ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы заманауи әлемдік жетістіктер туралы баяндамалар жасады.

Конференцияда акушерлік, гинекология, неонатология, педиатрия, балалар онкологиясы, балалар хирургиясы, нефрология, трансплантология салаларына қатысты ең маңызды деген 50-ден астам тақырып талқыға салынды. Оған қоса, конференция барысында шетелдік білікті мамандар бірқатар шеберлік-сабақтарын өткізіп, отандық дәрігерлер жаңа инновациялық технологияларды меңгерді.    

          


Back to the list