17.08.2017
Өз сөзінде ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесі алдында мынадай міндеттер тұрғанын: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізу, денсаулық сақтауды ақпараттандыру, барлық дәрілік заттардың бағаларын реттеу керектігін атап өтті.
Бұл аралықта Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Аталған Қызметтің құрылуы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Оның мақсаты: аурудың алдын алу мен денсаулықты нығайтудың қолжетімді және тиімді тетіктерін енгізу. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі нәрестелерді егу және мектеп медицинасы, дұрыс қылық, экологиялық қауіпсіздік, жастар мен ересек тұрғындар арасындағы гигиена мәселелерінен бастап оңтайлы тамақтану мен қарт адамдардағы созылмалы дегенерациялық сырқаттардың алдын алуға дейінгі өмірдің барлық кезеңдерін қамтиды. Бұның бәрі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту және жастарын ұзарту мәселелерін шешуге бағытталған», - деді Е.Біртанов.
Медициналық білім беру жүйесін жаңғырту, жетілдіру аясында медициналық ЖОО-ның шетелдік серіктестері анықталды.
«Оқыту бағдарламаларына өзгерістер енгізу, ЖОО-ның өз беттерінше академиялық және басқару мүмкіндіктерін кеңейту, университет клиникаларын құру, профессорлық-оқытушылық құрамды қайта оқыту шаралары қарастырылатын 5 жылға арналған стратегиялық даму жоспарларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Пилоттық жоба бойынша еліміздің алты колледжінде 320 студент Қолданбалы бакалавриаттың Финдік үлгісі негізінде білім алуда, яғни мейіргерлік білім беру ісін жаңғырту, жетілдіру жұмыстары жалғасуда», - деді ол.
Ағымдағы жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша нәресте өлімі көрсеткіші 10,8%-ға төмендеді, қатерлі өскіндер салдарынан болған өлім-жітім көрсеткіші 5,6%-ға азайды, инфаркт миокарды 5,5% - ға, жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан 8,6% - ға, туберкулез 16,6% - ға төмендеген.