31.07.2017
Бұл чемпионат Қазақстанда триатлоннан өткен алғашқы ауқымды іс-шара болды.
«Триатлон, мультиспорттық жарыс ретінде қоғамда дұрыс трендтердің қалыптасуына – салауатты өмір салтын дәріптеуге септігін тигізеді», - делінген хабарламада.
200-ге жуық кәсіпқой мен спорт сүйер қауым «Жартылай темір» қашықтықта үш кезеңнен тұратын жарысқа қатысты: 1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым веложарыс, 21 шақырым жүгіру.
Бақытжан Сағынтаев Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа, Қазақстандық Триатлон Федерациясының вице-президенті, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевқа, сондай-ақ қашықтықты бағындырған алғашқы әйел қатысушы Нағима Керімбаеваға медальдарды табыстады.
Айта кетейік, бұл сайыс Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің Мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шараларының кешенді жоспарының бір бөлігі болды.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР ҰҚК төрағасы және Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов келесі жылы Астанада Ironman аясында сайыстар өткізілетінін хабарлаған болатын. World Triathlon Corporation ұйымымен Астанада Ironman сериясының стартаптарын өткізу туралы келісім жасалған.
Фото: Бауыржан Жуасбаев