06.03.2017
Тек биылғы жылдың 2 айында «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ-да 1122 ота жасалған. Оның 246-сы –ашық жүрекке, 258 – балаларға жасалды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 9 бірегей ота жасалды: 3 – жүрек трансплантациясы, 1 – өкпе трансплантациясы, 5 – жүректің сол қарыншасының қосалқы қондырғысы импланттау.
Өкпе ауыстыру отасы – отандық медицинадағы бірегей хирургиялық әрекеттердің шынайы көрінісі болды. Бұл – тыныс алу жолдарының күрделі сырқаттарына ұшыраған қазақстандықтар үшін өкпе трансплантациясын жасауды жүйелі жолға қоюға мүмкіндік берді.
«Трансплантацияның сәтті болуы – аталған процеске тұрғындардың қатысуымен, қоғамның рухани сана-сезімінің дамуымен тікелей байланысты. Донорлыққа ерікті, саналы түрде келісім беріп, азаматтардың адам өмірін құтқаруға дайын болуы – ізгілік пен адамгершіліктің нағыз шыңы екені күмәнсіз. Трансплантацияға келісім берген донорлар отбасының игі шешімі құрмет пен алғысқа лайық», - дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма басшысы Юрий Пя.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы – Орта Азия аймағы бойынша медициналық қызмет көрсету деңгейінің халықаралық сапа стандарттарына сай алдыңғы қатарлы кардиохирургиялық емхана болып табылады.