01.02.2017
Кездесу осы саладағы проблемаларды талқылау, оларды шешу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу мақсатында денсаулық сақтау министрінің бастамасы бойынша өтті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар онкогематологиялық қызметін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын ағымдағы жылғы 10 ақпанға дейін ұсынатын болады. Кездесу барысында науқас балаларды ерте және дәл диагностикалау мәселелері, кішкентай науқастарды шетелдік клиникаларда емдеу мүмкіндіктері, аурулардың мониторингі мен зерттеуін жүргізу мәселелері талқыланды.
Е. Біртанов қойылған мәселелерді шешу үшін оларды зерттеп, одан әрі шаралар әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылатынын атап өтті. Ол балалар онкогематологиялық қызметін жетілдіру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және оны ағымдағы жылғы 10 ақпанға дейін ұсынуды тапсырды.
Атап өтейік, Қазақстанда онкологиялық аурулары бар балаларға медициналық көмек екі республикалық орталықтың – Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының базасында көрсетіледі.
Бұдан бөлек, әрбір өңірде облыстық балалар ауруханаларының базасында қауіпті ісіктері бар науқастарды динамикалық бақылау және оларға қолдау терапиясын жүргізу үшін балалар онкологы/гематологы кабинеттері жұмыс істейді.
Сондай-ақ, барлық жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерлерін қысқа оқу модульдері бойынша оқыту жүргізілуде. Соңғы 3 жыл ішінде 2 270 дәрігер, оның ішінде 2016 жылы 206 дәрігер оқытылған, 2017 жылға арналған жоспарда тағы 250 дәрігерді оқыту бар.
Лейкоздың қайталануы, жүре пайда болған аплазиялық анемия және күрделі ісіктердің ауыр түрлері бар балаларды емдеуде гемопоэздік дің жасушаларын транспланттауды енгізу қазіргі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.