12.12.2016
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, біздің елімізде қосымша репродуктивтік технологиялар (бұдан әрі - ҚРТ) 1995 жылдан бастап енгізіле бастады. Адам репродукциясы қалалық орталығындаелімізде алғаш рет ЭҚҰ зертханасы ашылғаннан бастап енгізіле бастады. Бір жылдан соң «шыны түтіктен» тұңғыш бала туылды. Бүгінде Қазақстанда 22 ЭКҰ орталық жұмыс істейді, оның ішінде 17-і жеке меншік нысанда.
ҚРТ әдістерімен елімізде 50 мыңнан астам ерлі-зайыптылар емделді. Емделу тиімділігі 15%-дан 43%-ға дейін өсті. Бала туылуы дерегімен расталатын емделу тиімділігінің көрсеткіші (take baby home) 29%-ды құрайды, бұл орташа еуропалық көрсеткішке сай. Бедеулікке шалдыққан отбасыларда 12 мыңнан астам бала дүниеге келді.
2010 жылдан бастап ЭҚҰ бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында бюджеттен қаражат бөліне бастады. ҚРТ-ны қолдануды қажет ететін ерлі-қайыптылар ТМККК аясында үздік нәтижелі және тәжірибесі мол 2 мемлекеттік, 3 жекеменшік клиникаларда медициналық көмек алуда.
Биыл мемлекет 821 бағдарламаға қаражат бөлді.
Қазақстанда әлемде кездесетін әр түрлі формадағы бедеуліктің түрлерін емдеудің тәсілдері сәтті енгізілді. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормональдық тәсілдері, андрология, медициналық генетика, эмбриология дамуда, жаңа қауіпсіз және тиімді дәрілік препараттар тіркеуде.
Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет Репродуктивті медицниа институтында Япония мамандарымен бірлес отырып, онкологиялық ауруларға шалдыққан әйелдерге репродуктивтік функцияларын, дүниеге бала әкелу қабілетін сақтау мақсатында және емделуден кейін бала тууға мүмкіндік беретін аналық без тінін криоконсервациялау тәсілі енгізілді.