09.12.2016
«Diaverum» танымал медициналық компаниясымен тығыз әріптестікте ашылған осы орталықта бүйректің созылмалы дертіне шалдыққан науқастарға жоғары білікті мамандар дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұл жоба мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Гемодиализ залы бүгінгі заманғы Gambro Innova (Италия) жаңа гемодиализ аппараттарымен, науқастарға арналған Comfort (Венгрия) креслоларымен жарақтанған. Медбике бекеті ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, пациенттерге арналған оңаша изолятор да бар, онда адам ағзасына зиянды әсерін тигізетін улы заттардың әсерінен ластанған қанды тазартатын аппарат, кресло, қабырғаға орнатылған бактерицидті сәуле шашқыш құрылғы бар.
Ерітінді–деминерализациялау бөлмесінде Gambro (Италия-Швеция) су дайындау жүйесі орналасқан, оның жиынтығына су тазарту фильтрлері мен басқа да арнайы тазарту сүзгілері мен құралдары кіреді.
Орталықта пациенттермен жоғары білікті мамандар жұмыс жүргізеді. Бұған дейін бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін науқастар ем-дом процедураларын алу үшін Қарағанды қаласына баруға мәжбүр болатын. Енді осы орталық ашылғаннан кейін мұндай науқастарға облыс орталығына барудың қажеті болмай қалды. Себебі Шахтинск қаласында ашылған осы Гемодиализ орталығы тек кеншілер қаласының тұрғындарына ғана емес, жалпы осындай ем-дом қабылдауға зәру облыс тұрғындарының қажеттілігін өтеуге дайын деп айтуға болады.
«Diaverum» Гемодиализ бөлімшесінің Қарағанды қаласындағы филиалының директоры Алексей Подгайнов осы Гемодиализ орталығының біздің облысымыздағы алтыншы орталық екенін айтты. Бұған дейін мұндай орталықтар Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Теміртау қалаларында ашылған болатын.