05.09.2014
Қала әкімдігінде хабарлағандай, мектептерде туберкулезге қарсы екпені екінші рет егу жұмыстарын оқу жылының бірінші айында аумақтық емханалар қаланың туберкулезге қарсы дипансерімен бірігіп жүргізеді.
Туберкулезге қарсы екпені екінші рет егу баланың жұқпа жұқтыру деңгейін анықтайтын Манту сынамасын алдын-ала қойғаннан кейін ғана жасалады. Яғни ревакцинация Манту сынамасы нәтижесі теріс болған, жұқпалы ауру жұқтырмаған, дендері сау балаларға жасалады. Осы кезеңде мектептерде басқа екпелердің жүргізілуіне тиым салынады.
Астана қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, ағымдағы жылы Астанада ревакцинацияға 10 176 бала жатады. Астана қаласы бойынша 2014 жылдың 8 айында туберкулез жұқтырудың 350 жағдайы тіркелсе, соның 17-сі 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты болып отыр. 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 жасқа дейінгі балалардың туберкулезбен ауруы 37,5 %-ға төмендеген.
Дәрігерлердің айтуынша, туберкулездің алдын-алудың негізгі жолы – спецификалық алдын-алу, яғни, туылғанда екпе егу және бірінші сыныпқа барғанда ревакцинация жасау.