18.06.2014
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Н.Назарбаев бізге туберкулезге қарсы препарат шығаруды тапсырған еді. Аталмыш орталық 10 жыл бұрын құрылды. Осы уақытта біз баламасы жоқ теңдессіз препарат жасап шығардық. Бұл туберкулезге қарсы FS-1 препараты. Зерттеу базасында ТМД-дағы алғашқы өнім дайындалды. Ол халықаралық талаптарға толықтай жауап береді», - дейді М.Құлманов.
Сонымен қатар, жобаның ғылыми жетекшісінің айтуынша, әлемде қазіргі таңда дәрілік тұрақтылық мәселесінің бары жасырын емес.
«Бұл қазір әлемдік деңгейдегі бірінші мәселе. Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінгі таңда медицина диоантибиотикті дәуірге қадам басып барады. Антибиотиктер жұмыс істемейтін болды. Америкада тағам өнімдері мен дәрі-дәрмекті қадағалайтын ұйым пайда болды. Олар АҚШ-тағы антибиотиктердің 80 пайызға жуығы ауыл шаруашылығында қадағалаусыз қабылданып жатқанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл дегеніңіз антибиотиктердің сүтпен, етпен бірге қолданылады деген сөз», - дейді Мұрат Құлманов.
«Біз клиникалық зерттеудің екі фазасын өткіздік. Онда препарат өзінің тиімділігін көрсетті. Қазақстандағы туберкулез мәселесін алдағы уақытта шешуге болатыны анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәселенің тек дамыған елдерде ғана емес, сонымен қатар дамушы елдерде де бой көрсетіп жатқанын айтады. Біз аталмыш препараттың екінші фазасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігінен тіркеуді сұрап отырмыз», - дейді М.Құлманов.
Мадина Нұрбекова