26.05.2014
Жиында республикада жыл сайын 30 мыңнан астам қатерлі ісік аурулары анықталатыны, оның ішінде 53,6% ғана ерте сатысында анықталатыны айтылды, деп ведомствода хабарлады. Жалпы бүгінгі таңда елімізде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың электрондық тізілімінде 146 мыңнан аса адам тіркелген.
Осыдан 2 жыл бұрын қабылданған онкологиялық көмекті дамытуға арналған салалық бағдарлама қазірде оң нәтижесін бере бастады. Бағдарламаның негізгі бағыттары: профилактикалық іс-шараларды жетілдіру, диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, онкологиялық қызметтің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады.
Қазақстанда өңеш, асқазан, бауыр және еркектік безі обырларына жүргізілетін скринингтерге кезең-кезеңмен жыл сайын 6 өңірден қосылуда. Осылайша, 2016 жылы республиканың барлық өңірі онкологиялық скринингтермен толық қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі таңда сүт безі обырының 85%, жатыр мойны обырының 95%, колоректальды обырдың 75% ерте сатысында анықталады. Бұл өз кезегінде жүргізілетін емнің тиімділігін арттырады.
Онкологиялық бағдарламада аудандық және қалалық емханаларда 101 арнайы кабинет ашу жоспарланған. 2013 жылы 138 маммологиялық және 21 практологиялық кабинет ашылды.