• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Қазақстанда Әлеуметтік қызметкерлердің бірыңғай дерекқоры әзірленеді 11.09.2017

«Министрлік жоспарлы түрде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, әлеуметтік қызмет көрсетудің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жүргізуде. 2009-2017 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Мұндай стандарттар 2010 жылы аталған ауру түрлерімен ауыратын 18 жастан асқан азаматтарға, 2011 жылы қимыл-қозғалысы бұзылған балалар мен қарт адамдарға, 2012 жылы белгілі бір тұратын мекенжайы жоқ адамдарға, 2016 жылы адам саудасы құрбандарына және 2017 жылы тұрмыстық зомбылыққа тап болған азаматтарға байланысты әзірленді", - деді Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, 2008 жылы интернат-үйлерде жүйке жүйесі сырқатына шалдыққан 2,5 мың бала болса, тағы 2 мың бала кезекте тұрған болатын. Бүгінгі таңда, 110 стационарлық интернат-үй аясында 5 мыңнан астам баланы және 18 жастан асқан азаматтарды қабылдауға қауқарлы 50-ден астам күндізгі стационар ашылды. Үйге барып әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінің саны бір жарым есеге артты. Олар бүгінде 43,7 мың қария мен мүгедекке және 13 мыңнан астам мүгедек балаға қызмет көрсетеді. 3 мыңға жуық  мүгедек бала арнаулы әлеуметтік қызмет негізіндегі жартылай стационар қызметі мен үйде көмек алу қызметін әлеуметтік тапсырыс бойынша үкіметтік емес ұйымдардан алып келеді. Әлеуметтік қызмет көрсету үшін жекеменшік сала тартылып, еріктілердің белсенділігі артқаны байқалды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі атқарған жұмыстың нәтижесінде  қаржыландыру тәсілі өзгерді. 2009 жылға дейін мамандандырылған мекемелер нормативтік шығындар бойынша емес, шығындар сметасы тұрғысында қаржыландырылып келді. Қаражат жергілікті бюджет мүмкіндігіне байланысты аймақтық ерекшелікке орай бөлінді (интернат-үйлерде жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға  қызмет көрсету құны Маңғыстау облысында 1 164 теңгеден Астана қаласында 3 781 теңгеге дейін өзгеріп тұрды). Бүгінде, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету көлемі мен түріне байланысты қаржыландырылады. Бұл аймақтық ерекшелік бойынша туындаған сұрақтарды жоюға сеп болып, мемлекеттің халық алдындағы міндетті әлеуметтік қызметін жүзеге асыруда арнаулы мекемелердің ресурстарды ұтымды жоспарлап, мақсатты түрде бөлуіне септігін тигізді.

"Сондай-ақ,  Әлеуметтік қызметкерлердің  бірыңғай дерекқорын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл қызмет алушылардың маманды таңдау құқығы мен мамандардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Дерекқорда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі мен ұсынылатын қызмет түрлері және жұмыс нәтижелері жайлы ақпарат орналастырылады", - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жұмысқа деген белсенділікті арттыру мақсатында қаржыландыру тетігі өзгертіліп, мамандарға еңбекақы төлеу мәселесі жетілдіріледі. Яғни, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігінің нәтижесін көрсететін жүйе құрылады. Еңбекақы маманның біліктілігі мен шеберлігіне, жүктелген міндеттерді орындауына байланысты төленетін болады. 

 


Back to the list