21.08.2017
«Асыл Мирас» қайрымдылық қоры веложарыстан жиналған қаражатты Петропавл қаласының Облыстық балалар ауруханасына, Талдықорған қаласының Облыстық перинаталдық орталығына, Орал қаласының Облыстық балалар көпбейінді ауруханасына, Ақтөбе қаласының Облыстық балалар клиникалық ауруханасына, Орал қаласындағы Батыс Қазақстандық Облыстық ''Бәйтерек'' мүгедек-балалар қоғамдық ұйымына қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсайды.

Веложарысқа қатысқан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, Charity Tour de Burabay велоспорттың дамуына ықпал етуде және көмек қажет ететін балаларға ерекше қарым-қатынасты көрсетуде.
«Баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтағым келеді. Мен осымен төртінші рет ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған спорт мерекесіне қатысудамын. Сонымен қатар, біз салауатты өмір салтын насихаттаудамыз. Бұдан басқа, Charity Tour de Burabay Қазақстан Республикасында велосипед спортының дамуына үлесін қосып қана қоймай, оңалту мен ем-дом қажет ететін балаларға ерекше қарым-қатынасты көрсетуде», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде, шараға жыл сайын қатысатын «Astana Pro Team» бас менеджері Александр Винокуров, веложарыс бастамасын қолдап, оны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына алғыс білдірді.
«Мен аталмыш игі істі қолдауға қуаныштымын. Жыл санап қатысушылар саны артып келеді, бұл шын мәнінде өте қатты қуантады. Біздің команданың, жеке өзімнің атымнан осы дұрыс, әрі қайырымдылық шараны жүзеге асыруға көмектескен барлық жандарға алғысымды білдіремін», - деді велошабандоз.
Веложарыс аясында қайырымдылық аукционы мен жәрмеңкесі өтті.

Атап өтер болсақ, веложарысты ұйымдастыру тарихында 2013 жылдан бастап 2017 жыл аралығында меценаттардан қайыр жинау мен аукциондар мен жәрмеңкелерден корпоративтік және жеке жарналар есебінен 461 919 000 теңге жиналған.
«Charity Tour de Burabay» аясында әр жылдары жиналған қаражат: 2013 жылы - 11,5 млн теңге; 2014 жылы - 87 млн теңге; 2015 жылы - 105 млн теңге; 2016 жылы - 100 млн теңге; 2017 жылы – 160 млн теңгені құрады.
Ақбота Күзекбай