16.06.2017
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев медицина қызметкерлері күні кәсіптік мерекесіне орай денсаулық сақтау саласының бірқатар ардагерін қабылдап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. ондай-ақ, аймақ басшысы емдеу-алдын алу мекемелеріне 29 санитарлық көліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
«Адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан біздің облысымызда бұл салаға бөлінетін қаржы жылдан жылға артып келеді. Соның арқасында біздің медициналық мекемелеріміз ең озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, емдеудің тиімді тәсілдері қолданылып келеді.Облысымыздағы медициналық ұйымдардың санитарлық автопаркін жаңарту халыққа көрсетілетін медициналық көмекті уақытылы және сапалы қол жетімдігін арттырады деп сенемін»-деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, жедел жәрдем қызметінің және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің санитарлық автопаркін жаңалау бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Соңғы 5 жылда бюджет есебінен алғашқы медициналық-санитариялық және жедел жәрдем көмегіне 273 дана санитарлық автокөлік, оның ішінде 163 данасы ауылдық жерлерге сатып алынды.
Санитарлық автокөліктер - облысымызда тәулігіне емханалық көмекке қаралатын 34 мың адамға, жедел медициналық көмекке жүгінетін 5 мыңнан астам адамға – медициналық қызметтің сапасын жоғарлауына өз септігін тигізеді. Облыс қөлеміндегі медициналық ұйымдар 1154 автокөлікпен қамтылған, оның ішінде жедел жәрдем көмегінде 261 дана санитарлық автокөлік.