05.06.2017
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деп аталған мақаласына үн қосып, пікір білдіріп жатқан ғалымдар бар. Олардың әрқайсысы да мақаланың дер кезінде жазылғанын, елдің рухани дамуында даңғыл жол болып отырғанын тілге тиек етеді. Болашақ ғалымдардың бірі, философия ғылымдарының кандидаты Дархан Жазықбаев осы мақаладағы негізгі бес тапсырмаға қатысты өзінің пікірін білдірді. Мемлекет басшысының осы мақалада қоғамдық сананы жаңғыртудың бес бағдарына Дархан Медеғалиұлы өз пайымын айтып, жіліктеп берді.
- Дархан Медеғалиұлы, қазір Елбасының мақаласында айтылған «100 жаңа есімді» анықтау бойынша жұмыстар басталып кетті. Әр салада, еліміздің түкпір-түкпірінде бүгінгі күннің батырларын анықтау, насихаттау деген сөз. 100 жаңа есім кімдерді қамтуы керек? Айналып келіп тағы да сол әншілер мен әртістерді насихаттап кетпейміз бе? Бұл жерде кімдер алдыңғы планға шығып, елге үлгі болуы тиіс деп ойлайсыз?
- Өздеріңізге белгілі «100 жаңа есім» жобасы бойынша арнайы комиссия құрылды, оның алғашқы отырысы өтті. Осы комиссия 100 жаңа есімді анықтаудың механизімдерін зерделеп, ол жайлы нақты ұсыныстар қабылдауы керек.
Біз бір нәрсені қатты ескеруіміз қажет. «100 жаңа есім» бұл жүз жаңа «жұлдыз» жасау деген сөз емес. Бұқар жыраудан қалған «Ауылда адам бар болса, ауыл ала болмайды» деген сөз бар. Елдің ішінде осындай елге ұйытқы болып, тәуелсіздігіміздің тарихында өзіндік үлесін қосып жүрген тұлғалар бар. Біз солардың іс-әрекетін елге үлгі ретінде таныстыруымыз керек. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бастап туған жерге, елге еңбегі сіңген азаматтарымыз баршылық. Менің ойымша бұл «Туған жер» бағдарламасымен ұштасса деймін. Туған елге, туған жерге еңбегі сіңген азаматтарды ауыл, аудан, қала, облыс ашық түрде ел болып, халық болып өздері таңдап шығаруы тиіс. Әр өңірдің өз 100 есімі болса, кейін солардың ішінен тағы да іріктеліп нақты есімдер ұсынылса жөн болар еді деген пікірдемін. Сонымен бірге елгі еңбегі сіңген белгілі ғалымдар, өнер адамадарының сала бойынша жеткен жетістіктерін халыққа паш ету қажет. Тұлғаларға қарап ел бой түзейді. Ауылдың ала болмауы да осындай парасатты адамдардың көп болуына байланысты. Бұл жайлы құрылған комиссия өз шешімін айта жатар.
- Елге белгілі басылымдардың біріне берген сұхбатыңызда хакім Абайдың «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деген сөзін мысалға келтіріпсіз. Неге? Қазақ нақты іске жоқ, тек көпірме сөзге бар деген ұстанымдасыз ба? Осыдан жиырма жыл бұрын сөзден іске көшу керек деген мәселе айтылған болатын. Өзімізді өзіміз тым көп сынап кеткен жоқпыз ба?
- Жалпы сынды біз дұрыс қабылдай білуіміз керек. Сіз айтып отырған Абайдың сөзі «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» деген өлеңінде айтылған. Абай атамыз қазақтың кейбір мінезін сынағанда оны жер қылайын деп емес, қамшылайын, намысын оятайын деп сынаған. Абай сөзден іске көшуді оң көрген. Бұл қазір біз айтып жүрген прагматизм, яғни сөзден істің алда жүруі. Осының жалғасында «бірінен бірі шапшаң, ұқпас сөзін» дейді. Яғни даурығуды, жалаң пофосқа берілуді, бойдағы кеселдердің бірі деп көрсеткісі келген. Мен Абайдың бұл сөзін Рухани жаңғыру туралы бастама жалаң әңгіме, көпірме сөз деңгейінде қалып қоймау үшін келтірген болатынмын. Сөзімізден ісіміз озып жүрсе бұл бастаманың нәтиже беретіндігін айтқым келеді. Абай тағы бір сөзінде айтады «Істің қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан танисың» деп. Яғни белгілі бір істі қандай ниетпен, қаншалықты құштарлықпен басталуын айтып отыр. Құр айтылды, болды орындалуы керек деп ниетсіз қолға алынған іс опа бермесі анық. Сондықтан әрбір істі бастағанда шын ниетпен, соның нақты орындалуын көздеп қолға алса оның жолы бір бөлек. Түйіндей келгенде хакімнің бұл сөзін келтіруімінің мәні рухани жаңғыруымыз жаңғыру емес, құр жаңғырық болып кетпесін деген ниетпен айтылған болатын. Біз өз өзімізге сыншыл болсақ қашанда кемелденуге қадам жасамақпыз. Сыншылдық намысыңды, қайратыңды оятады. «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек» деген де тағы сол Абай атамыз емес пе?! Сондықтан біз рухани жаңғыру туралы мәселеге жүректегі қайрат пен бойдағы намысты қамшылап кірісуіміз керек.
- Сіздің түсінігіңізде Ұлттық код, Ұлттық сана, Ұлттық сипат дегеніміз не? Дәл қазір бізде Ұлттық код деген түсінік бар ма?
- Менің ойымша Ұлттық код – ұлттың «сана болмысын» құрайтын факторлардың жиынтығы. Олар тіл, діл, салт-дәстүрлер, дүниетаным т.б. осылардың барлығы біріге келе ұлттың қайталанбас болмысын, формасын құрайды, ұлттың рухани кодын айқындайды.
Елбасы «Тарихи сана – Ұлттық сананың негізі» деген пікір айтқан болатын. Бұл тарихынды, мәдениетіңді танымай сананың жаңғыру болмайды деген сөз. Болашақты ойласаң өткенге көз жібер. Әлем өзгеруде, ал біз сол әлемнің бір бөлшегіміз. Сондықтан біздің бағытымыз бұлыңғыр болмау үшін сана-сезімімізді оятып, дүниетанымызды кеңейтіп, дүбірлі дүниеде таптаурын қағидалардың астында қалып қоймай, көш басындағы елдермен тереземізді тең ұстауымыз қажет деп ойлаймын. Ұлттық код бұл халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ойлау мәдениеті, өзіндік санасы, дүниеге деген қатынасындағы қайталанбас өзіндік ерекшеліктері. Сол арқылы ғана біз ғаламдағы өзіміздің бет-бейнемізді анықтап, өз орынымызды танымақпыз. Бұл үлкен мәселе, жүз рет зерделеніп, мың рет талқыланатын тақырып.
- Абай атамыздың «Бес нәрсеге ғашық бол, бес нәрседен қашық бол» дейтіні секілді Елбасымыз да осы мақаласында нақты бес бағдар ұсынып отыр. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлілікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы. Осы бес бағдарға тоқталсаңыз. Қалай түсіндірер едіңіз?
- Прагматизм туралы айтсақ, әлем иновациялық-технологиялық дамудың бүгінгі дәрежесіне осы прагматизм арқылы қол жеткізіп отыр. Яғни әрбір адамның айналысқан кәсібі, ғылымдағы, өнердегі, шығармашылықтағы ізденістері нақты нәтижеге әкелетін болса бұл прагматикалық көрініс, нәтиже болмаса уақыт жоғалту болып табылады. Сондықтан нәтиже жоқ жерде даму жоқ.
Ұлттық бірегейлікке келер болсақ, Елбасының «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті» деген сөзі Ұлттық бірегейлікті айшықтайтын түсінік деп ойлаймын. Бұл отанға деген сүйіпеншілік, құрмет. Шаңыраққа қарап бой түзейді. Сондықтанда біз бой түзейтін ел болуымыз керек. Қазақтың өзге жұртта кездесе бермейтін асыл қасиеттері жетерлік. Оған қазақтың көңілінің кеңдігін, бауырмалдығын, қиын замандарда елімізге еріксіз тағдыр тауқыметімен қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне қамқор болып, өмір сүруіне таза көңілмен демеу болғанын, қонақжайлылық қасиеттерін айтуға болады. Біздің ата-бабадан қалған осы бір дәстүрді жалғастыруымыз тәуелсіздік жылдары өзінің өміршеңдігін танытты. Бұған дәлел ретінде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясының институт ретінде орнығып, оңтайлы нәтиже беруі, оны халқымыз қолдап, «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануын айта кетуге болады. Ұлттық бірегейлік мінездеріміздің барлығын біз қайта жаңғыртып, бойымызда мәңгілікке сақтап қалуға тырысуымыз керек.
Бәсекеге қабіліеттілікке келер болсақ, мен мұны екі тұрғыдан қарауға болар еді деп ойлаймын. Бірінші ішкі бәсекелестік, бұл еліміздің ішкі дамуындағы бәсекелестікке қабілеттілік. Бизнес жасау, сервистік қызметтер көрсету, білім берудегі бәсекелестікті нығайту, өнім өндірудегі, өз тауарларымызды жаңа сапаға көтерудегі өзара бәсекелестікті дамыту. Екіншісі сыртқы бәсекелестік, бұл дегеніміз сырттағы бар иновациялық-технологиядан қалып қоймай, оларды елге әкеліп игеріп, оңтайлы пайдалана білу. Қазір әлем жылдам дамып жатыр. Күн сайын жаңа технологиялық өзгерістер өзінің қарқынымен таң қалдыруда. Сондықтан біз сол үрдістен қалып қоймауымыз қажет. Бәскелестіктің осы ішкі және сыртқы екі сипатын ескеру керекпіз деген ойдамын.
Елбасы мақаласындағы негізгі бес бағдардың бірі білімнің салтанат құрумен байланысты. Кезінде ағылшын философы Фрэнсис Бэкон «Білім күш деп айтқан» болатын. Бұған қатысты қазақта мынадай сөз бар «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар» дейді. Бүгін әлемде білім өркениетті жасаушы күшке айналып отыр. Қазір білімді жұрттар күшейген заман, біз сол алпауыт елдерден қалып қоймау үшін әлемдік деңгейдегі білімді ұлт болуымыз керек. Бұған қатысты Елбасы мақаласында санадағы ашықтық туралы айтқан. Ол көптілді игеру туралы. Әлемдік технология мен ғылымды игеру үшін, сол жаңашылдық жасалып жатқан тілді игеруіміз заман талабы.
Қазақстанның эволюциялық дамуына келер болсақ, бұл Елбасының тәуелсіздік алғаннан бері ұстап келе жатқан саясаты. Бұл байыптылықпен, алысқа қарап, парасатпен «өзгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жол тауып шығу. Бұған жеткенде бар жетпегенде бар. Бірақ жетпегендер көп, жеткендер саусақпен санарлық. Эволюциялық жолды мен үйлесімділік жолы дер едім. Үйлесімділік жоқ жерде өмірдің мәні жойылып, астан-кестеңі шығары анық. Үйлесімділік бұзылған жерде «дефект» басталады. Ал ондай қоғам сау қоғам емес. Сондықтан эволюциялық жолмен жүру қоғамды үйлесімділік жолымен өзгерту, алға бастыру деген сөз.
«Елу жылда ел жаңа» деген бабаларымыз. Бұл жаңарудың эволюциялық дамуын меңзесе керек. Неге елу жыл? Себебі қоғамдық сананы, адамдардың жан дүниесін аз уақытта өзгертемін деу бұл табиғаттың да заңына қайшы келмек. Мұның бәрі үйлесімділік жолымен біртін, біртін жүзеге асатын құбылыс. Сондықтан бабаларымыз «Елу жылда ел жаңа» деп айтқанда қателеспеген.
Елбасымыз Отан қорғаушылар күнінде сөйлеген сөзінде «Жүз жеңістен бір бейбіт келісім артық» дегені естеріңізде болар. Осы айтылған сөздегі ойдың өзі эволюциялық даму философиясын аңғартып тұр емес пе. Эволюциялық даму жолы, келісім жолы, ақыл-парасатпен ойластырып барып әрекет ететін жол дегім келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дәулетхан Қыдырбайұлы