05.05.2017
Аталған жобаны іске қосуды елорда әкімі Әсет Исекешов ұсынған болатын.
«Smile Astana жобасын қолға алып, Астана тұрғындары үшін ережелер жинағын құруды ұсынамын. Бір-бірімізге, айналадағыларға күле қарап, қарияларға көмектесейік, кезекте тұрғанда қарт адамдарды, жүкті әйелдерді алға өткізіп, сыпайы болайық», – деп үндеді қала әкімі Әсет Исекешов.
Әкімнің бұл ойын қаланың жастар бірлестіктері мен ұйымдары қолдап, Smile Astana жобасын іске асыруға тұжырымдамалық негізде кірісті. Нәтижесінде елорданың бақытты тұрғынының бейнесін қалыптастыруға бағытталған жаңа мәдени тренд пайда болды. Жоба шеңберінде түрлі акциялар, жастардың флешмобтары және көңілді байқаулар қарастырылғар. Сондай-ақ, қалада ең жарқын жүзді адам/әдемі күлкі байқауы жарияланады. Бұдан басқа, қала көшелерінде, қоғамдық орындарда және қалалық көліктерде жастар ұйымдарының өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарына смайлдар таратады, көшеде алып қуыршақтар өнер көрсетеді. Ал әлеуметтік желілерде #smileastana, #ақжарқынастана хештегтерімен посттар құрылады.
Айта кетерлік жайт, жобаның негізіне әлемдік тәжірибенің трендтері алынып, ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарын жақсы көңіл күйге келтіру мақсаты қойылып отыр.
«Астана маңызды шара – ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдауға дайындалуда. Елордаға шетелден мыңдаған қонақ келеді, олардың ішінде әлеуетті туристер, инвесторлар және еліміздің шет мемлекеттердегі болашақ бренд-амбассадорлары болады. Сол себепті дәл қазір елорда тұрғынының рухы мен бейнесін қалыптастыру үшін тиімді уақыт және бұған әрбір елордалық үлес қоса алады», - делінген әкімдіктің сайтында.