06.03.2017
Қазіргі уақытта Қазақстанда 8 мыңнан астам ҰОС ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген соғысқа қатысушылар; ҰОС жылдары тылдағы жанкешті еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО орден-медальдарымен марапатталған 4 мыңнан астам әйел; ҰОС жылдары тылда кем дегенде 6 ай жұмыс істеген 98 мыңдай әйел бар.
Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған 240 мыңнан астам көпбалалы ана; төрт және одан да көп бала тәрбиелеудегі 249 мыңдай көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдауға ие.
Барлық жоғарыда келтірілген азаматтар санаттары арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады.
Сондай-ақ, 53 жастан асқан 326 мың көпбалалы ана жеңілдікті зейнетақы алушы болып есептеледі.
Тағы бір айта кетерлігі, 2016 жылы, ана мен баланы қолдау бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру аясында 438,1 мың отбасы бала туғанға және оның күтіміне байланысты жәрдемақымен; 175,9 мың аз қамтылған отбасы 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақымен; мүгедек баласы бар 73,4 мың отбасы олардың күтіміне қажет жәрдемақымен қамтамасыз етілді.