04.03.2017
Қазақстан Республикасында авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру (ААШШ) жүйесі нақты экономиканың отандық секторына ғарыш технологияларын енгізу саласында министрліктің белгілі әзірлемелерінің бірі.
Бұл жүйе шұғыл жедел қызметтерді шақырудың, көлік жолдарында көлік құралдарын мониторингілеудің, ТЖ болжаудың, зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек көрсетудің және, ең бастысы, көлік жолдарында өлімді азайту үшін жағдайлар жасаудың тиімді құралын жасауды көздейді.
Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін ескерсек, зардап шеккендердің өмірін құтқарудың негізгі факторы ЖКО кезінде әрекет ету жылдамдығы мен алғашқы медициналық көмек көрсету болып табылатыны барлығына белгілі.
ААШШ жүйесі шұғыл қызметтердің апат орнына келу уақытын 30–40% қысқартатынын атап өткен жөн. Бір жылда жүздеген адамдар құтқарылады деп болжанады.
«ААШШ жүйесі ЖКО кезінде шұғыл әрекет ету қызметтеріне небары 20 секунд ішінде хабарлауға мүмкіндік береді. Дабыл Деректерді өңдеу орталығына келіп түседі, ол координаттарды автоматты түрде анықтап, қандай автомобильдің аварияға ұшырағанын білуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Мұндай жүйелер басқа елдерде (АҚШ-та - «E-911», Еуропада – «e-Call») белсенді жұмыс істейді, олар азаматтарға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, бұл белгілі бір ауыр жағдайларда аса маңызды.