04.02.2015
Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, Мағрипа Сарқынова мен Любовь Горбуноваға Ақмола өңірлік гарнизоны тұрғын үй комиссиясының шешімімен екі және үш бөлмелі пәтерлер берілді.
«Біз бейбіт тұрғындарды аман сақтап қалу үшін өз өмірлерін қиып, нағыз ерлік жасаған офицерлерді құрметпен еске аламыз. Олардың есімдері осы ерліктеріне риза болған миллиондаған қазақстандықтардың жүрегінде мәңгіге сақталып қалатын болады», - деді ҚР Қорғаныс министрі
Иманғали Тасмағамбетов. «Біз бізге көңіл бөліп, пәтер беріп отырған Қорғаныс министрлігіне ризамыз, балаларымыздың болашағы бар», - дейді подполковник Денис Горбуновтың артында қалған жұбайы Любовь Алексеевна. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы қыркүйекте Алматы облысында оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-27 әскери ұшағы құлаған болатын. Подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбуновтан тұратын ұшақ экипажы ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
2014 жылғы желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен жауынгерлік және қызметтік борыштарын орындау кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбунов қаза тапққаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған болатын. Наградаларды ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің қолынан офицерлердің аналары – Риза Бекенқызы мен Татьяна Александровна алды.