03.12.2014
Орталықта жыл сайын дамуында әр түрлі ауытқушылықтары бар 100-ден астам балаға, білікті мамандар тарапынан кешенді тегін көмек көрсетіледі. Орталықта түзете-дамыту арқылы қолдау көрсететін мамандар жұмыс істейді: педагог-психолог (эмоциялық және интеллектуалдық дамуындағы кемістіктерді), мұғалім-дефектолог (танымдық ортадағы проблемаларды), тифлопедагог (көру қабiлетiндегі кемшіліктерді), сурдопедагог (есту қабілетіндегі кемшіліктерді), мұғалім-логопед (сөйлеу қабiлетi бұзылғандарды), емдік дене шынықтыру нұсқаушысы (жүрiп-түру мүшелерiнiң функциялары бұзылған), музыкалық ырғақ сабағының мұғалімі, емдік массаж жасайтын медбике. Сондай-ақ даму мүмкіндігі шектелген балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға психологиялық қолдау клубы қызмет етеді, ал балалар үшін уақытша қысқа мерзімдік келу тобы ұйымдастырылған.
«Орталықтың ашылуының арқасында Қарағанды қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды түзету көмегімен қамту 2 есеге ұлғайтылып, көмек кезегінде тұрғандар саны 60% төмендейді», - деп хабарлады Қорда.
Түзету кабинеті «Бәріміз бірдейміз,кемсітуді білмейміз: Біз инклюзивтік қоғам үшін» жобасының шеңберінде ашылды. Жоба мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балалардың басқа қатарларымен бірге жалпы орта білім беретін мектептерде оқып, қоғамда өз орнын табуына көмектесу.
Жобаның бас әріптесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, облыстың білім басқармасының өкілдері мен жоба демеушісі «Дара» қайырымдылық қорының өкілдері қатысты.