10.03.2017
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. 1995 жылы Ата заң қабылданғаннан кейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар төртінші рет енгізіліп отыр», - деді Е. Тоғжанов.
Ол қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізу көзделетінін атап өтті.
«Саяси және мемлекеттік жүйе негіздерін жаңғырту, заңнамалық, атқарушы және сот билігі тармақтарының барлық конфигурациясын қайта форматтау туралы сөз қозғалуда. Қоғамдық келісім негіздері ретінде адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығын қорғаудың жаңа қуатты тетігі пайда болды. Енді Қазақстанда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығы конституциялық деңгейде танылып қана қоймай, кепілдендіріледі де және ҚР Президенті олардың кепілі болып табылады», - деп атап өтті төрағаның орынбасары.
Сондай-ақ, ол Ассамблея бейбітшілік және келісім мәселелері жөніндегі заңнамалық билікті жүзеге асыруға тікелей қатысатынын, бұл Ассамблеяның мәртебесін де, оның жауапкершілік деңгейін де арттыратынын айтты.