07.03.2017
Бірінші оқылым
Конституциялық реформа 2017 жылғы 3 наурызда бірінші оқылымында талқыланып, кейін құрылған комиссия толықтырулар мен өзгерістер бойынша шешім қабылдады және 6 наурызда Парламент палаталарының барлық тұрақты комитеттері, саяси партиялардың фракциялары Мәжілісте заң жобасын қолдау туралы өздерінің оң қорытындыларын жазбаша ұсынып, түзетулерді мақұлдады.

Бірінші оқылымға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны белгілі. Президент отырыс тарихи маңызды мәселені шешу үшін жиналғанын атап өтті. Отырыстың күн тәртібіне "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңының жобасы шығарылды.
Мемлекет басшысы еліміздің Негізгі заңына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар алдында сөйлеген сөзінде заң жобасын бүкілхалықтық талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін айтты.
Президент 35 өкілеттігін беру туралы жариялады. Олар экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқаруды, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық мәселелерді қамтиды. Президент жүргізіліп жатқан реформалар мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасауға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ҚР Конституциясына сәйкес, жоғарғы мемлекеттік билік басында ҚР Президенті қалатынын атап өтті. Оның құзыретінде Конституцияны қорғау саласындағы стратегиялық функциялар, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастар қалмақ.
Мемлекет басшысы Жұмыс тобы қызметінің қорытындылары туралы айта келіп, Конституцияның 26-бабын бұрынғы редакциясында қалдыруды ұсынды.
Бірлескен отырыста ұсынылған түзетулерді талқылау кезінде депутаттық корпус тарапынан бірқатар сұрақтар туындады. Олар, әсіресе, Үкіметтің мемлекеттік бағдарламаларды бекіту және орындау үшін жауапкершілігіне қатысты болды.
Атап өту керек, депутаттар сөз сөйлеу барысында өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірген болатын. Олар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы тарихи рөлін атап өтіп, оның атын еліміздің Негізгі заңына жазуды ұсынды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент есімін Астана халықаралық әуежайына беру ұсынылған болатын.
Бірлескен комиссия
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін Парламент заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Бірлескен комиссия құру туралы қаулы қабылдады. Оның құрамына Сенат пен Мәжілістің жеті депутаты, сондай-ақ заң жобасын әзірлеушінің 3 өкілі кірді. Комиссия төрағасы болып Мәжіліс депутаты Н. Әбдіров тағайындалды.
Мемлекет басшысы ұсынған заң жобасы Конституцияның 19 бабына 26 түзетуді көздейді. Түзетулердің көбі Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктері мәселелерін қозғайды. Бұл түзетулер "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.
Мақұлданған түзетулер
Комиссия өз жұмысының қорытындылары бойынша екінші оқылымда Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына 10 түзету енгізуді шешті. Олардың едәуір бөлігі бірінші оқылымда талқылау кезінде бұрын айтылған болатын.

Осылайша, Конституцияға мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады:
- 44-баптың 3-тармақшасында ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтау.
- Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыс жасаған үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аса маңызды мүдделеріне басқа да ауыр зиян келтірген үшін азаматтықтан айыру тек сот шешімімен ғана орындалатыны туралы норманы бекіту ұсынылады.
- Конституцияның 2-бабының жаңа 3-1-тармағын Астана қаласында конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим орнатылуы мүмкін деген нормамен толықтыру ұсынылады. Бұл түзету конституциялық заңмен реттелетін «Астана» халықаралық қаржы орталығы мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында ұсынылады.
- Бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1-тармақшасының нормаларымен келісуді ұсынады, онда Президенттің Конституциялық Кеңеске өтініш білдіру өкілеттігі көзделген. Осыған орай, Конституцияның 74-бабының 2-тармағында «нормативтік» деген сөзді алып тастау ұсынылады.
Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 72-бабына сәйкес, аталған заң жобасын қарау үшін Конституциялық кеңеске өтініш білдірді.
Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына оң ықпал етеді. Ал бұл Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде одан әрі бекітуге ықпал етпек.
Қазақстанды тарихи сәт күтуде, себебі Конституциялық реформа кез келген мемлекеттің маңызды оқиғасы. Еліміздің Негізгі заңына барлық түзетулер халықтың әл-ауқатына және Қазақстанның болашақ дамуына ықпал етуі тиіс.
Қайрат Жандыбаев
Фото Арман Мұхатов